Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Шенеуніктер төтенше жағдайды пайдаланып мемлекеттік сатып алу құнын көтеріп жіберген

2020 жылдың 8 маусым 2020 12:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Төтенше жағдай уақытында мемлекеттік сатып алу бойынша тауар құны шамамен 43 пайызға өскен. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Төтенше жағдай режимінде мемлекеттік сатып алудың жаңа тәртібі енгізілді. Тың өзгерістерге сәйкес мерзім қысқарып, әлеуетті тасымалдаушыларға да қойылатын талаптар өзгерді. Бір жағынан бұл дұрыс. Себебі мемлекеттік органдарға ТЖ режимі уақытында тауарлар мен қызметтерді тезірек сатып алуға мүмкіндік береді. Екінші жағынан мерзімнің бұлайша қысқаруы жемқорлық фактілерін туындатады», - деді Ербол Өстеміров агенттіктің Facebook парақшасында берген сұхбатында.

Оның айтуынша, төтенше жағдай уақытында мемлекеттік сатып алу бойынша тауарлардың құны бірден шарықтап кеткен.

«Біздің жүйе көрсетіп отырғандай, төтенше жағдай уақытында тауардың бағасы 43 пайызға өскен. Яғни мемлекеттік органдардың өз пайдасын ойлаған лауазымды қызметкерлері жемқорлық әрекетін жасап, осынау ерекше тәртіпті пайдасына жаратады», - деп атап өтті Ербол Өстеміров.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ербол Өстеміров мемлекеттік сатып алу бағасын өсіруде алдыңғы орында тұрған өңірлерді атаған болатын.

«Өңірлердегі мәліметті келтірсек, өсірілген баға бойынша өңірлердің алдыңғы қатарында - Маңғыстау облысы, екінші орында - Солтүстік Қазақстан, үшінші орында - Атырау облысы тұр. Тізімнің ең соңғы орындарынан Шымкент қаласын, Түркістан мен Алматы облысын көруге болады», - дейді ол.


Жоғары қарай