Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Шекарадан заңсыз өтудің жаңа түрлері пайда болды - ҚР ҰҚК

2020 жылдың 23 қараша 2020 20:02

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның мемлекеттік шекарасын карантиндік шектеулер кезінде заңсыз кесіп өтудің жаңа түрлері пайда болды. Мұндай ақпаратты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі ұсынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәселен, өткен аптада «Қарасу» автомобиль өткізу пункттерінде мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтудің 8 әрекетіне тосқауыл қойылды: Жамбыл облысы – 1 факті, Маңғыстау облысы - 1 факті, Ақтөбе облысы – 1 факті, СҚО – 1 факті, Қостанай облысы – 2 факті, Павлодар облысы – 2 факті.

«Жүргізушілер халықаралық жүк тасымалының шекарадан өтуіне негіз болатын екінші жүргізуші ретінде жалған жүргізуші куәліктерін қолдана отырып, шекараны заңсыз кесіп өтуге тырысқан. Аталған барлық жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу» туралы 385-бабында көзделген қылмыс белгілері бойынша тексеру материалдары мен көлік құралдары уәкілетті органдарға берілді«, - делінген таратылған ақпаратта.

Сонымен қатар 18 қарашада «Қарасу» (Жамбыл облысы), «Жайсаң» (Ақтөбе облысы), «Жаңа жол» және «Қарақоға» (СҚО) өткізу пункттерінде жалған құжаттар мен сәйкестендіру нөмірлері бар автомобильдерді шекара арқылы заңсыз өткізудің 4 әрекетінің жолы кесілген.

Жалпы, карантиндік шектеулер кезеңінде мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту үшін жалған жүргізуші куәліктерін пайдаланған 113 адам (Қазақстан - 51, Қырғызстан - 30, Өзбекстан - 20, Тәжікстан - 7, РФ - 5), жалған медициналық анықтамалары бар 35 адам, сондай-ақ қазақстандық медициналық мекемелерден жалған шақырулары бар 42 шетелдік анықталды.


Жоғары қарай