Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Шаруалармен кездесіп, субсидиялау жүйесін реформалауды талқылаймыз – Үкімет басшысы

2022 жылдың 14 мамыр 2022 17:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездескен Премьер-Министр агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері туралы пікір алмасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Премьер-Министр Хромтау ауданында «АКМЭЗ» ЖШС май экстракциялық зауытында болды. Кәсіпорын жылына 21 мың тонна шикі өсімдік майын және 26 мың тонна күнжара шығарады. Зауыт өнімі ішкі нарықта сұранысқа ие, сондай-ақ Қытайға, Ресейге, Өзбекстанға және Тәжікстанға жеткізіледі.

Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығында инвестициялық жобаларды іске қосу - еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы басты міндет екенін атап өтті.

Бүгінгі таңда Үкімет шаруаларды кешенді түрде қолдау шараларын іске асырып отыр. Атап айтқанда, инвестициялық шығындарды субсидиялау, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыруға арналған кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелер және қайта өңдеуге арналған жабдықтар лизингі қарастырылған.

«Осындай қолдаудың және климат ерекшеліктерінің арқасында Ақтөбе облысында мал шаруашылығы, оның ішінде сүт өнімдері өндірісі қарқынды дамып келеді. Облыс тұрғындарын жергілікті өніммен қамтамасыз ету және оны басқа өңірлерге жеткізуді ұйымдастыру мақсатында аталған жұмысты жалғастырған жөн. Бұл импортқа тәуелділікті азайтуға және ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға жол ашады»

, - деді Үкімет басшысы.

Кәсіпорында Премьер-Министр бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесіп, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың проблемалық мәселелеріне талқылады. Атап айтқанда, фермерлерді мемлекеттік қолдау, субсидиялау, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді бөлу, мал шаруашылығын дамыту мәселелері қызықтырды.

«Осы жылдың соңына дейін біз шаруалармен бірқатар кездесу өткізіп, субсидиялау жүйесін реформалау мәселелерін талқылаймыз. Тиісті құжат бес жыл мерзімге қабылданады. Жалпы, Үкімет ауыл шаруашылығы саласын қолдау шараларын кеңейтіп жатыр. Биыл біз бюджетті екі есе арттыру мүмкіндігін қарастырдық. Бұл - азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі өндірісті қолдау және инфляцияны тежеу мәселелеріне байланысты»

, - деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Еске салсақ, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында өңірдің кешенді әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді.

Бірқатар маңызды инфрақұрылымдық және өндірістік нысандарды аралады.

«Ақтөбе-Ұлғайсын» автожолын қаржыландыру тетіктерін анықтауды тапсырды.



Жоғары қарай