Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Шәмшінің әндері өміршеңдігімен ел мұрасына айналды

2020 жылдың 14 тамыз 2020 15:07

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақ халқының рухани өмірі мен музыкалық мәдениетінде Шәмші Қалдаяқовтың алатын орны ерекше. Аты алты алашқа әйгілі, қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған ұлы композитордың туғанына биыл – 90 жыл. Тума таланттың мерейтойы қарсаңында бірқатар өнер адамы композитордың ғұмыры мен шығармашылығы жайында сыр шертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Жеке ән салу» кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Гүлдана Сапарғалиеваның айтуынша, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Шәмші шығармашылығының бағы жаңаша жанды.

«Қазақ елінің көк байрағымен үйлесім тауып, мемлекеттік рәмізімізге айналған Әнұранның композиторы – Шәмші Қалдаяқов. Алғаш рет, егеменді Қазақстанның Гимні 2006 жылы Парламентте бекітілді. Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә.Назарбаевты салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалып, қазақ елі зор ілтипатпен қабылдаған еді. Ол – аса көрнекті сазгер, вальс патшасы, қазақ эстрадасының негізін қалаушылардың бірі. Әндері таудан аққан бұлақтың үніндей, әсерлі де ерке, тұнық лирикаға толы ұлттық нақыштан нәр алған, иірімді ерекшелігімен тыңдаушысын тәнті етеді»,– дейді Гульдана Сапарғалиева.




Сонымен қатар, ол әннің бағын әнші ашатынын да тілге тиек етті. Осы тұрғыдан алғанда Шәмшінің әндерін нақышына келтіріп орындаған әншілердің де үлесі зор.

«Қазақ орындаушылық өнерінің қайталанбас қайраткерлері Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Рашид Абдуллин, Рашид Мұсабаев, Зейнеп Қойшыбаева, Нұрғали Нүсіпжановтардың орындауындағы Шәмші әндері қуаныш пен бақыт әкелгендей, жарқыраған жарық жұлдыздай тыңдарманға күш-қуат беретін. «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Бақыт құшағында», «Қайықта», «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», «Сыр сұлуы», «Ана туралы жыр», «Ақ бантик», «Әнім сен едің» және тағы басқа көптеген әндері Шәмші Қалдаяқовтың қазақ елінің алтын қорында сақталып, ұрпаққа қалдырған баға жетпес мұрасы іспетті. Шәмшінің әндері өміршеңдігімен ел мұрасына айналды»,– деді ол.

Өз кезегінде, дәстүрлі әнші Нұржан Жанпейісов Шәмші әнін тыңдап ержеткенін жеткізді.

«Шәмші Қалдаяқов – қазақ ән өнерінде «Вальс королі» деп аталған біртуар тұлға. Ол кісінің қазақ руханиятына қосқан үлесі зор. Себебі, артында халық үнімен астасып жатқан өміршең әндері қалды. Жасы да, қарты да жатқа біліп, той-жиында міндетті түрде Шәмші әндері айтылады. Біз де бала кезімізден Шәмші әндерін естіп өстік»,– деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жанпейісов.

Оның айтуынша, Шәмші әндерінің көбі бізге алғаш қалай орындалған болса солай жеткен.

«Әндерінің ішінде Шәмшінің «Құшақ жайған қандай адам» дейтін туындысына ерекше тоқталғым келеді. Бір тыңдағанда дәстүрлі әнге еліктеп шығарылғаны көрініп тұрады. Өзім осы әнді ерекше құмартып, шамам келгенше орындап жүрмін. Шәмші Қалдаяқов пен Дәнеш Рақышев шығармашылық байланыста болған деседі. Бір сапарымен Шәмші ағамыз Талдықорғанға жол тартады. Осы шараға Д.Рақышев та шақырылған болса керек. Ән аға туралы көптеп естеліктер қалдырып жүрген жазушы Оразбек Бодықовтың былай дегені бар: «Шәмші мен Дәнеш Талдықорғанда кездескенде ұзақ сөйлесті. Жүріп те сөйлесті, отырып та сөйлесті. Әңгіменің нақты не туралы екенін аңғара алмасам да, негізгі арқау – өнер туралы, ән туралы екенін анық», - дейді. Айтпағым, Шәмші Дәнеш Рақышевтың «Ақмаралым» деген әнін өте жоғары бағалаған екен. Және «Менің бір әнім, Дәкеңнің осы «Ақмаралым» әніне ұқсаса екен» деп ықыласын танытқан. Қос әннің орындаушысы ретінде, бір-біріне ұқсастығы, жақындығы барын сеземін деп айта аламын»,– дейді дәстүрлі әнші Нұржан Жанпейісов.




Қазақтың бағына туған, дарын иесі ұлтымыздың музыка қоржынына ауыз толтырып айтарлық үлес қосып кетті. Бүгінде қазақ музыкасын Шәмшісіз елестету тіпті де қиын. Оның шабытымен шалықтап шыққан талай туындысы қарапайым қазақты әнге баулыды.

ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ұлбосын Тәжібайқызы Шәмші Қалдаяқовтың жерлесі болғанын мақтан тұтады. Тіпті, композитор оған ән де арнамақ болған екен.

«Шәмші Қалдаяқов – Отырардың тумасы. Мен Арыста туып өстім. Ұлы композитордың жерлесі болғанымды мақтан тұтамын. Ол кісі өте қарапайым, елгезек, ақкөңіл жігіт болатын. Өткен ғасырдың 90-шы жылдардың басында Жетісай қаласында шығармашылық кеші өтті. Сол кезде қатты ауырып, ауруханаға түсті. Мен сол кезде Шәмші ағаға қолдан кеспе пісіріп, апарып бергенім бар. Соны өмірден өткенше айтып жүрді. «Ұлбоштай, сенің кеспеңнің арқасында мен аяғымнан тік тұрдым ғой, тірі болсам, саған бір ән арнаймын»,– дейтін. Бірақ маған ән шығарып үлгермеді»,– дейді Ұлбосын Тәжібайқызы.




Оның айтуынша, Шәмші Қалдаяқов қазақ саз өнерін көптеген лирикалық әндермен байытқан ерекше дарын иесі.

«Өте дарынды кісі болған. Туындылары керемет. Қазір олар ретро-әндер болды ғой. Бүгінгі күннің әндерімен тіпті салыстыруға да келмейді. Өкінішке орай, қазіргі әндер жеңіл-желпі, тыңдауға да келмейді. Шетелдің музыкасына қазақ тілінде мәтін жазып шығара беретін болды. Ал, Шәмші Қалдаяқов шын жүректен шыққан, бүкіл болмысымен орындайтын әндер жазған. Ондай композитор әлемде біреу. Оның шабыты мен талантын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес»,– дейді ол.

Сонымен қатар, ол Шәмшінің ашылмаған қыры мен сыры көп екенін және қазақ музыкасы үшін оны әлі де зерттеу қажеттігін айтты.

«Барлық өнер зерттеушілері, музыканттар Шәмшінің әндеріне зейін қойып, көңіл бөліп зерттеуі керек. Сондай-ақ, мектеп оқулықтарының ішіне Шәмші Қалдаяқов туралы енгізу қажет. Бала кішкентайынан Шәмші Қалдаяқовтың кім екенін біліп өсуі тиіс. Оның әрбір әні – бір тарих. Биыл тірі болса 90 жасқа толар еді. Ол артынан өшпес бай мұра қалдырды. Қазақ бар жерде, Шәмші бар»,– дейді ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ұлбосын Тәжібайқызы.


Жоғары қарай