Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Шалғай ауылда «Болашақтың» үш түлегі еңбек етеді - СҚО

2021 жылдың 12 маусым 2021 10:20

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Қайрат ауылында «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған жастар еңбек етіп жатыр. Олардың екеуі ауыл мектебінде мұғалім болса, Ержан Битниев биыл төртінші жыл ауылдық округтің әкімі. Үлкен қаланы шалғайдағы ауылға айырбастаған мемлекеттік қызметшімен ҚазАқпарат тілшісі сұхбаттасты.

- Ержан Қадырұлы, өзіңізді оқырмандарымызға таныстырсаңыз.

- Жасым 39-да, Уәлиханов ауданы Қайрат ауылында тудым. Сол ауылда орта мектепті бітіріп, Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің тарих факультетіне мемлекеттік грантпен түстім. 2004 жылы университетті үздік дипломмен тәмамдадым.

Университетті бітіргеннен кейін туып өскен ауылыма келіп, 2007 жылдың маусым айына дейін Қайрат орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Ал 2007 жылдың маусым айынан 2011 жылдың мамыр айына дейін ауылдағы, яғни Қайрат ауылдық округінің әкімі аппаратында бас маман болып қызмет еттім.

Ауылда еңбек етіп жүріп, 2011 жылы ауыл жастарына арналған квотамен халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен шетелге, Англияға оқуға түстім: Корольдік колледжде (Kings College), Уорвик университетінде (The University of Warwick) тілдік курстан өттім.




2013-2014 жылы Уорвик университетінде «Білім саласындағы көшбасшылық және басқару» мамандығы бойынша магистратурада оқып, диссертация қорғадым. Гуманитарлық ғылымдардың магистрімін.

Магистратураны бітіргеннен кейін 2015-2017 жылдары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде бас сарапшы болып қызмет еттім. 2017 жылдың тамыз айынан бастап осы күнге дейін туып-өскен ауылымда округ әкімі болып қызмет етіп келемін.




Әкем Қадыр Битниев өмір бойы механизатор болып жұмыс істеген.

2001 жылы өмірден озды. Шешем Дариға Хабиболлақызы Ташмағанбетова зейнеткер. Қайрат орта мектебінде 40 жылға жуық мұғалім болып жұмыс істеген. Әпкем және екі қарындасым бар. Әпкем Гүлназ Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің түлегі.

Қарындасым Гүлнара Павлодар облысының Ертіс ауданы Қызылағаш ауылында тұрады. Нұр-Сұлтан қаласындағы педагогикалық колледждің түлегі. Ауылда мектепте мұғалім. Қарындасым Гүлдана біздің ауылда тұрады. 2008 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін, 2018 жылы халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен Англиядағы Ноттингем университетінің магистратурасын бітірген. Гуманитарлық ғылымдардың магистрі. Бүгінгі күні Қайрат орта мектебінде ағылшын тілі мұғалімі.








- «Болашақпен» шетелде оқып, министрлікте жұмыс істеп, бірақ туған ауылыңызға қайтып келіпсіз. Бұған не себеп болды?

- Үкімет ауылдың жастарына арнап квота бөліп, оларға шетелдің белді университеттерінде білім алуына мүмкіндік берді. Бұл мемлекеттің ауыл жастарына көрсеткен қолдауы. Үкіметтің сондай

қолдауын көргеннен кейін мен де туып-өскен ауылыма еңбек етсем деп келдім. Ол кезде ауылымның тұрғындары басқа жаққа көшіп

жатты. Іргеміздегі Сарыадыр деген елді мекен құрып кетті. Сөйтіп, қолымнан келгенше елді тұрақтандырсам деген оймен ауылға қоныс аудардым.

Сонымен қатар, Елбасы Н. Назарбаев бір жиында «Болашақ» бағдарламасының түлектері еңбек жолдарын өңірлерден бастағандары дұрыс деген болатын.


- Үлкен қалалардан кейін ауылға келіп еңбек ету қиын болғанжоқ па, бұған отбасыңыз қалай қарады?

- Маған қаладан кейін ауылға келіп еңбек ету аса қиын болған жоқ.

Себебі, мен 17 жылдық еңбек өтілімнің небәрі 2 жылын ғана қалада істедім. Еңбек жолымды ауылдан бастадым.

Отбасым менің ауылда істеуіме ешқашан қарсы болған емес. Әке-шешем жағынан кейбір жақын туыстарым 2004 жылы университетті бітіріп ауылға келген кезімде менің бұл шешімімді қолдамаған еді.

Себебі, ол кезде жұрт, әсіресе, жастар керісінше ауылдан қалаға кетіп жатты. Ал 2014 жылы «Болашақты» бітіріп, ауылға әкім болып келгенімді отбасым да, алыс , жақын туыстарымның басым бөлігі қолдады. Себебі, бүгінгі күні ауылға, оның болашағына деген көзқарас өзгерген.

- Қайрат ауылдық округі туралы айтсаңыз, қанша ауыл, қаншашаңырақ қарайды? Бұл округтің басқалардан ерекшелігі неде?

- Қайрат ауылдық округі облыс орталығынан 550 км, аудан орталығынан 150 км жерде орналасқан. Облыс және аудан орталықтарынан ең шалғайда орналасқан екі округтің бірі. Округтің құрамына Қайрат және Жасқайрат ауылдары кіреді.

Қазір 402 адам тұрады. Тұрғындардың 98 %-ы қазақтар.

Ауылдық округтің жалпы аумағы – 187 мың гектардан асады.

Ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі - мал шаруашылығы. Бұл округтің басқа округтерден айырмашылығы осында. Халықтың басым бөлігі мал ұстайтындықтан олардың тұрмысы басқалармен салыстырғанда әлдеқайда жақсы.

Округ өзен, көлдерге, артезиан бұлақтарға бай, орманды жерде орналасқан. Шаруашылықтың кез келген түрімен айналысуға мүмкіндік бар.

Округте 2 мектеп, 2 фельдшерлік пункт, 2 клуб, 2 су тазарту пункті жұмыс істейді.


- Ауыл әкімі соңғы жылдары абыройынан айырылды. Өйткеніқолы қысқа. Қазір ауыл әкімінің міндетіне не кіреді, қандайөкілеттіктері бар? Ол ауылдағы мәселені шешуге жеткілікті ме?

- Ауыл әкімдерінің заңмен бекітілген міндеттері бар. Олардың қатарына салық жинауға жәрдемдесу, азаматтардың өтiнiштерiн, арыздарын, шағымдарын қарау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыстар жүргізу, азаматтардың

Қазақстан Республикасының заңдарын орындауына жәрдемдесу, кәсіпкерліктің дамуына жәрдемдесу, т.б.

Ауыл әкімінің қолы қысқа екені рас. Алайда көп мәселе егер аудан әкімі ауыл әкімін қолдаса шешіледі, қолдамаса шешілмейді.

2007 жылдан бері, арадағы 4-5 жыл үзілісті қоспағанда, ауыл әкімдігінде істеп келе жатқандықтан, мен қазір салыстырмалы түрде айта аламын. Бүгінде Үкімет ауылдарға көп көңіл бөліп жатыр. Өзімнің ауылыма байланысты айтар болсам, осыдан 10-15 жыл бұрын ауыл тұрғындарын мазалаған ауыз су, жарықтандыру, отын (көмір), телефондандыру сияқты мәселелер бүгінгі күні толығымен, ұялы байланыс пен интернет мәселесі жартылай шешілген. Бұлардың барлығы республика және облыс деңгейінде шешімін тапқан мәселелер.


- Ауылға келгелі «мен атқардым» деп сүйсіне айтар істеріңіз бар ма?

- Округ әкімінің қызметін жеке дара бөліп қарау мүмкін емес. Ол не істесе де заңға сәйкес жоғары тұрған әкімдер мен органдардың, жергілікті қоғамдастықтың, кей мәселелерді кәсіпкерлердің көмегімен бірігіп істейді.

Жергілікті мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы бөлінеді. Ал, бөлінген қаржыны уақтылы әрі сапалы игеруге округ әкімдері міндетті және сол үшін тек қана бір өзі жауап береді.

Округке әкім болып келгелі мал шаруашылығын дамытамыз деп үсті-үстіне жер алатын, бірақ алған жерін игермейтін, салық төлемейтін, жұмыс орындарын ашпайтын, тіпті мал ұстамайтындарға жер бергізуді тоқтаттым.




Сондай азаматтардың бірі соңғы 2 жыл бойы менің үстімнен жоғары жаққа 30 шақты негізсіз арыз жазды. Бірақ оның бірі де дәлелденген жоқ.

Есесіне ауылдан қалаға, басқа өңірлерге көшеміз деп отырған ағайынға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларға жер алғыздым. Бүгінгі күні олар фермерлік шаруашылық ашып, мал шаруашылығымен айналыса бастады.

Мысалы, 2017 жылы округте небәрі 9 шаруа қожалығы жұмыс істесе, бүгінгі күні олардың саны 18-ге жетті. Ауыл тұрғындары осындай шаруашылықтардың төңірегінде шоғырланып, ел тұрақтанады енді. Атқарған ең басты, әрі маңызды ісім осы.

Округ тұрғындарының санын арттыруға және кадр мәселесін шешуге көп көңіл бөліп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде қиын уақытта басқа өңірлерге көшіп кеткен ауылдың бұрынғы тұрғындары қайтадан елге келе бастады. Соңғы екі жылдың ішінде елді мекенге 5 отбасы көшіп келді.

Олар бос тұрған, ескі үйлерді қайта жөндеп алып жатыр. Солардың бірі - 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келген кластасым, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ерлан Досымбеков. Қазір Қайрат орта мектебінде директор, информатика пәнінен сабақ береді.

Қалаға кетемін деген өзімнің қарындасым Гүлдана, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, менің айтқан ақылыммен бүгінгі күні ауылдағы мектепте мұғалім болып істеп жүр. Балаларға ағылшын тілінен сабақ береді.

Жергілікті жастармен әңгімелесіп, оларды ауылда тұрақтандыруға тырысып жатырмын. Бұрын қалаға ағылатын жастардың көбі бүгін ауылда тұрғанды қалайды.




Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлік дами бастады. Мысалы, 2017 жылы округте сауда-саттық саласында заңды тіркеліп жұмыс істейтін небәрі 2 дүкен болса, бүгінгі күні олардың саны 8-ге жетті. Барлығы тіркелген, салық төлейді.

Қайрат ауылындағы төбесінен су ағып тұрған Жастар орталығының шатыры жөнделді. Жасқайрат ауылындағы совхоз кезінен пайдаланылмай тұрған клуб іске қосылды. Округ елді мекендерінің көшелері толықтай жарықтандырылды.

Ауылдардағы абаттандыру жұмыстары алға басып, рұқсат етілмеген жерлерге төгілген бірнеше көң-қоқыс орындары мен ескі үйлердің орындары тазаланды. Бүгінгі күні тұрғындар көң-қоқысты тек қана арнайы белгіленген орынға төгеді.

Ауыл тұрғындарымен жүргізген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде қазір округте орманды жерлерден ағаш кесу тоқтатылды.


- Өзіңіз туған жерге келіп еңбек ету, басқару қиын емес пе?

Туған-туыс бар, жұмыс барысында келіспеушіліктер туындауы мүмкін...

- Қандай жұмыс істесең де, қайда істесең де өзінің қиындығы мен артықшылығы бар. Туған-туыспен жұмыс істеудің де өз қиындығы мен жеңілдігі бар. Бірақ, ауылға әкім болып келерде мен барлық жағдайға іштей дайын болып келдім.


- Биыл 836 ауыл әкімі халықтың тікелей дауыс беруі арқылысайлануы тиіс. Бұл тізімде сіздің ауылдық округ бар ма?


- Биыл біздің округте де сайлау болады. Өзім сайлауға түсуді жоспарлап отырмын.


- Сіздің қазіргі жұмысыңыздың артықшылығы мен кем-кетігінеде? Ауылда жұмыс істеудің ерекшелігі...

- Округ әкімінің жұмысының бір артықшылығы – бұл өмірге жақын жұмыс, халықпен жұмыс істеуге үйретеді. Мысалы, министрлікте істеген кезде тек қана кабинетте, компьютердің алдында отыратын

едім. Онда қағаз жұмысын жақсы меңгеруге болады. Ал, мына жұмыста бір орында отырмайсың, халықпен тығыз байланыста боласың, олардың тыныс-тіршілігін білесің.

Әкім болғанда халықтың, оның ішінде ауылды жердегі тұрғындардыңпроблемаларын өз көзіңмен көріп, сезінесің. Бұл жұмыс жергілікті жердегі проблемаларды шешуге үйретеді, тәжірибе жинайсың.

Округ әкімінің жұмысының кемшілігі сол – әкімнің қолы қысқа.

Сондай-ақ, округ әкімдерінің, ауылдағы басқа да мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы төмен, бірақ жауапкершілік жоғары.

Ауыл әкімдері үкіметтің жүргізіп жатқан саясатын халыққа түсіндіріп, жеткізу керек. Алайда, халықтың барлығы бірдей біздің айтқанымызды түсіне бермейді. Мысалы, 2007 жылдары бас маман болып жүрген кезімде ауылда заңсыз сауда жасайтын бір тұрғынға жеке кәсіпкер ретінде тіркеліңіз, зейнетке шыққанда зейнетақыңыз жақсы болады дегенмін. Ол кісі сөзіме құлақ аспады. Кейін зейнеткерлікке шыққаннан кейін бір кездері айтқаныңды тыңдамаппын, зейнетақым аз болып шықты деп өкінішін білдірді. Дәл солай бүгінде COVID-19-ға қарсы екпе алыңыздар дегенімізді барлығы бірдей түсінбей жатыр.




Ауылда тұруға болады. Ауылды жерде қазір ұялы байланыс, интернет бар, тыныш, шығын аз кетеді. Мал ұстап, қор жинауға болады, өйткені ет, сүт өнімдеріне деген сұраныс қазір жоғары. Ауылда экологиялық таза тағам тұтынасың. Бүгінгі күні бұл әлемдік маңызы бар мәселе.

Үлкен ауылдарда мемлекеттік бағдарламалар арқылы көше-көшеге су тартылып, ауыл тұрғындары қалада сияқты үйлеріне су кіргізіп, өздеріне жағдай жасап жатыр.

Кейбіреулер ауылдағы медицинаның жағдайын айтып, қалаға кетіп жатады. Алайда, бүгінгі күні ауылда да тұмауға қарсы екпе салады. Сөйтіп тұмаудан, тұмаудың әсерінен болатын басқа да аурулардан сақтануға болады.

Демек, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу керек. Өз басым, үй ішімізбен жыл сайын екпе салдырамыз, барлығы бірдей болмаса да ауыл

тұрғындары да салдырады.


- Осы жұмысқа келгеніңізге өкінген кезіңіз болды ма?


- Өкінбеймін.


- Спортпен шұғылданасыз ба, хоббиіңіз бар ма?

- Жүгіргенді жақсы көрем. Бірақ оған көбінесе уақыт бола бермейді.

Сонымен қатар поэзия оқығанды жақсы көремін.


- Ержан Қадырұлы, алда төл мерекелеріңіз келе жатыр. Әріптестеріңізге, жалпы, мемлекеттік қызметшілерге тілегіңіз.

- Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында әріптестеріме еңбектеріне жеміс, отбасыларына бірлік пен береке тілеймін.

Еліміздің экономикасы күн санап дамып, әлемдегі өркениетті елдермен терезесі тең мемлекетке айналуын тілеймін.


- Әңгімеңізге рахмет!


Жоғары қарай