Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Серікбай Трұмов: Маңғыстауға қысқы мал азығына 77 мың тонна шөп, 53 мың тонна жем қажет

2021 жылдың 19 тамыз 2021 21:23

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Қуаңшылық салдарынан зардап шеккен өңірлердің бірі – Маңғыстау облысы. Қазір аймақтағы ахуал тұрақталды. Жауаптылар бүгінде қыстың қамына кірісіп, мал азығын өзге өңірлерден жеткізіп жатыр. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовпен сұхбаттасты.

- Серікбай Өтелгенұлы, өңірдегі қуаңшылыққа байланысты жағдай тұрақталды ма?

- Биыл өңірдегі қуаңшылыққа байланысты біраз жеп-шөпке қатысты мәселелер болды. Бұл жөнінде жыл басынан бері тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз. Негізгі өзіміздің жергілікті бюджеттен 200 млн теңгедей көлемінде қаражат қарастырғанбыз. Бұл біздің «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы операторларды белгілеп, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан шөп-жем әкелу жөніндегі арнайы меморандумдар жасадық. Бүгінде бізде 5 аудан бар. Менің орынбасарым 5 аудан әкімінің орынбасарларымен бірге өңірлерге барып меморандумдар жасады. Себебі қуаңшылыққа байланысты біздің жайылымдарда шөптің қоры өте аз. Сондықтан шөпті сырттан тасып жеткізуіміз керек. Бір жағынан қысқа дайындығымыз бар, бір жағынан қолдағы бар малды аман алып қалу керек. Жыл басынан бері қазіргі күнге дейін тасымалданып, дайындалған шөптің көлемі – 35 мың тонна. Оның 28 700 тоннасы өзге аймақтардан, қалған 3 500 тонна жергілікті жерден шабылды.

- Мал шығынын болдырмау мақсатында қандай шара қолданып жатсыздар?

- Енді биыл көктемде мал басының шығыны болды. Әрине енді осыған біз министрлікпен бірлесе отырып, мал шығынын көбейтпей алдын-алу бойынша жұмыстарды атқардық. Негізгі мәселе мал басын түгендеу. Мал басын түгендей отырып біз республикалық қордан сұраған қаражатымызды дәлелдеу үшін малдың басын түгендедік. Малдың басын түгендей келе тиісті өзіміздің есебімізді бере отырып бізге үкіметтің қорынан 1 млрд 900 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл қаражат негізінен аналық мал басына жеп-шөптің бағасын арзандату үшін яғни жеп-шөп алу үшін жеке шаруаларға, шаруа қожалықтарына берілетін қаражат. Бұл қаражаттың қазір 500 млн теңгесі игерілді.

- Қыс мезгілінде төрт-түлікті аман алып шығу үшін қанша мал азығы керектігін айта аласыз ба?

- Қысқа дайындықты бастап кеттік. Жалпы осы қыстан шығу үшін 77 мың тонна шөп, 53 мың тоннадай жем қажет. Үкімет басшысының Маңғыстауға келген сапарында 5 млрд 300 млн теңге көлемінде қаражат бөлді. Біз енді осы қаражатты қазір «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы бөліп жатырмыз. Оған да біз арнайы оператор белгілейміз. Операторлар арқылы осы Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысымен жасалған меморандумға сәйкес бізге бөлінген жерлерден шөп дайындау, сол жерде дайындалған жеке қожалықтардан шөпті бері қарай тасу жөніндегі жұмыстарды үйлестіріп жатырмыз. Қазір біздің өңірге 34 мың тоннадай шөп келді. Маңғыстау ауданында, Ақшұқыр кенті, Сайын елді-мекенінде шөп сатылып жатыр. Бұл біздің операторларымыз бен кәсіпкерлеріміздің әкеліп сатып жатқаны. Біз аудандарда арнайы штаб құрдық. Мысалы Маңғыстау ауданына қарасты Қызан, Ақшымырау, Тұщықұдық, Шебір деген шалғай ауылдарымыз бар. Келген шөптерді орталықтан сол ауылдарға жіберіп жатырмыз. Арнайы бөлініс бар. Оны біз қадағалап отырмыз. Операторлар қанша шөп әкеліп жатыр, қай жерлерге сатып жатыр, кімге үлестіріп жатыр... Оның барлығы біздің бақылауымызда. Үлкен шаруалардың кейбірі өздері шөп тасып, қысқа қор жасақтап жатыр. Олардың да кейбіреулерінің мүмкіндіктері бар.

- Өзге өңірлер зардап шеккен шаруаларға көмек қолын созуда. Жылу ретінде келген мал азығын қалай үлестіріп жатсыздар?

- Дұрыс айтасыз, басқа да облыстардан тегін шөп жіберіп көмектесіп жатыр. Мысалы Түркістан облысынан 60 вагоннан астам шөп келді. Алматы облысынан, Батыс Қазақстан облысында дайындап қойған шөпті біздің шаруалар өздері барып тегін алып жатыр. Мұның барлығын белсенді азаматтар аз қамтылған отбасыларға ауыл әкімдіктермен бірлесе отырып таратып беріп жатыр. Бұл жұмыстарды ары қарай жалғастыра береміз. Жемге қатысты біраз мәселе бар. Үкімет отырысында да айттым. Жем егін жинағаннан кейін ғана дайындалады. Солтүстік облыстарда дайындалады. Сондықтан министрліктің жанында Азық-түлік корпорациясы бар. Корпорация жемді, барлық элеваторлардан сатып алып біздің «Каспий» ӘКК арқылы келісім - шартқа отырып берсе деген ұсынысым болды. Сондықтан Азық-түлік корпорациясымен бірлесіп жұмыс жасаймыз. Бұған дейін біз арпа, төртінші категориялы бидайды қазір тиісті қаражатымызға алдырып жатырмыз. Мысалы 20 вагондай арпаны алып үлестірдік. Алдымызда 12 вагон 4 категориялы бидайдың қаражатын төледік. Енді әкеліне бастайды.

⁃ Соңғы күндері БАҚ беттерінде аштықтан тұра алмай жатқан жылқыны құтқарған белсенділердің видеосы жарияланды. Бұл жайында не айтар едіңіз, жағдай осыншалықты қиын ба?

⁃ Иә, бұл мәселеден хабардармын. Жауапты мамандар анықтады. Видео биыл мамыр айында түсірілген. Осы ақпараттың растығына көз жеткізу үшін Саура шатқалының аумағында «Түпқараған аудандық ветеринариялық стансасы»КММ басшысы мен мамандары тексеру жүргізді. Алайда Саура шатқалында мал өлекселері табылған жоқ. Бұл ретте Маңғыстау облысында жаппай мал қырылу дерегі жоқ екендігін еске саламын.

- Сұхбатыңызға рахмет!


Жоғары қарай