Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Серік Жұманғарин Президентке азық-түлік пен жанармай бағасына қатысты есеп берді

2021 жылдың 21 қыркүйек 2021 18:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғаринді қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Президентке Агенттіктің тұрғын үй, құрылыс материалдары, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері және жанар-жағармай нарықтарындағы бағаларды тұрақтандыру жөніндегі жұмыстары туралы есеп берілді.

Агенттік төрағасының айтуынша, аталған салалар бойынша монополияға қарсы қабылданған шаралардың нәтижесінде бірқатар ірі құрылыс компаниялары бастапқы тұрғын үй бағасын маусым-тамыз айларында орта есеппен 7-20 пайызға төмендеткен, құрылыс материалдары бағасының өсуі сәуір айындағы 10,9 пайыздан, тамыз айында 3,2 пайызға дейін, бензин бағасы сәуір айындағы 8,4 пайыздан, мамыр айында 0,2 пайызға дейін арзандаған. Қазір де осы бағалар сақталып отыр.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының апта сайынғы қымбаттау көрсеткіші сәуір айындағы 0,6 пайыздан 14 қыркүйектегі мәлімет бойынша 0,1 пайызға дейін азайған.

Мемлекет басшысына тауар биржаларындағы коммуналдық-тұрмыстық көмір саудасының барысы туралы баяндалды. Онда жергілікті операторлар отынды шағын партиялармен тікелей сатып алуға мүмкіндік алады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Агенттіктің дәрілік заттардың бағасын қайта реттеу, радиожиіліктерді аукционға шығару арқылы мобильді байланыс нарығында бәсекелестік қалыптастыруға жағдай жасау, жолаушылар тасымалы 2 миллион адамнан асатын әуежайлардағы жерде қызмет көрсету түрлеріне тәуелсіз тасымалдаушылардың қол жеткізуін қамтамасыз ету, сондай-ақ фармацевтика, жол құрылысы, медицина салаларында жүргізіп жатқан монополияға қарсы бақылау шаралары туралы мәлімет берілді.

Сонымен қатар Серік Жұманғарин Мемлекет басшысына Агенттіктің кедергілер жөніндегі кеңес алаңдарында бәсекелестікті дамытуға қатысты шектеулерді жою қызметі, бәсекелестік мәселелері жөніндегі заң жобасы, бәсекелестікті дамыту тұжырымдамасының әзірлемесі, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердегі бәсекелестікті дамытудың соңғы үрдістері туралы айтты.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы әлеуметтік азық-түлік пен тауарлардың бағасын бақылауда ұстауды тапсырды.


Жоғары қарай