Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Серік Шәпкенов NEET санатындағы жастарды «ерте анықтау жүйесін» енгізуді ұсынды

2022 жылдың 12 қаңтар 2022 11:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Парламент Мәжілісінің отырысында айтылған тапсырмаларын қалай іске асыратынын мәлім етті, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзінше, Әлеуметтік кодексті қабылдау халықтың мемлекет жүргізіп отырған әділ әлеуметтік саясатын түсінуін жақсартады және азаматтардың өмір сүру деңгейін арттырады.

«Мемлекет басшысы Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, екі ай мерзімде халықтың табысын арттыру бағдарламасын қабылдауды» тапсырды. «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасы бойынша бірқатар ұсыныстар бар», - деді министр.

Ол ұсыныстардың басында жалпы табыс пен жұмыспен қамтуды арттыруға бағытталған бастамалар көзделген көрінеді.

«Жеке қолдау шараларын: мамандық таңдауға, оқуға және жұмысқа орналасуға көмек көрсету үшін халықтың әлеуметтік осал топтары мен NEET санатындағы жастарды «ерте анықтау жүйесін» енгізу көзделіп отыр. Ақпараттық жүйелердің көмегімен іске асырылып жатқан ұлттық жобалар шеңберінде жұмыс орындарын құруды және жұмысқа орналастыруды бақылауды қамтамасыз ету жоспарлануда. Жұмысқа орналасуда жастарға, әсіресе NEET санатына басымдық берілетін болады», - деді Серік Шәпкенов.

Екіншіден, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, ауыл кәсіпкерлігін дамыту бойынша шаралар кешені әзірленуде. Бұл шаралар ауылдардың мастер-жоспарларын қалыптастыруды, кәсіпкерлікке оқытуды, өнімдер мен қызметтерді сатып алуға кепілдік бере отырып, жеңілдетілген кредиттер мен гранттарды қамтитын болады», – деді Серік Шәпкенов.

Министр халықты жұмыспен қамту бойынша жұмыс аясында жастардың жұмыспен қамтылуына ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

«Қазіргі уақытта Министрлік жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған шараларды жүзеге асыруда – бұл «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары. Аталған жобаларды күшейту үшін жастардың қатысу мерзімі мен жалақы мөлшері ұлғайтылады», – деді Серік Шәпкенов.

Сөз соңында ол тұрақты жұмыс орындарын құру шарттарының бірі – кәсіпкерлікті дамыту болып табылатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеке ісін дамытуға арналған грант мөлшері 200-ден 400 айлық есептік көрсеткішке дейін (612,6 мыңнан 1,2 млн теңгеге дейін) ұлғайтылады, сондай-ақ қаржыландыруға үміткер бизнес-жобалардың атаулылығын және бағалануын күшейту бойынша шаралар кешені қабылданады», – деп түйіндеді министр.


Жоғары қарай