Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Серік Ерубаев жолаушылар тасымалдау саласындағы кемшіліктерді айтты

2021 жылдың 22 қыркүйек 2021 13:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат автобус парктеріндегі жағдайға байланысты Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылғы 14 сәуірде «Ақ жол» партиясының парламенттік фракциясы елімізде автобус тасымалындағы күрделі жағдайды сауықтыру, соның ішінде жұмыс істеп тұрған автопарктерге тиесілі субсидияларды төлеу бойынша шұғыл шара қабылдау жөнінде Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатынбыз. Еліміздің әр өңірінен түсіп жатқан өтініштеріне орай, сондай-ақ аталған мәселе бойынша сайлаушылармен кездесу барысында жолаушылар тасымалдау саласында жағдайдың өзгермегеніне көзіміз жетіп, мәселені қайта көтеруге мәжбүр болып отырмыз. Тығырыққа тіреліп, банкроттыққа ұшыраудың алдында тұрған тасымалдаушылар бірнеше қалаларда ереуілге де шығып үлгерді, бұндай ақпарат Ақтобе, Шымкент, Петропавл қалаларынан түсуде. Өйткені, жергілікті атқарушы органдар бекіткен тарифтер салдарынан, субсидиясыз автобус жүргізушілеріне жалақы төлей алмауы, оның үстіне сатып алынған жаңа автобустарға лизинг бойынша мемлекет тарапынан тиесілі қаражаттың төленбеуі жығылғанның үстіне жұдырық болуда», - деді С. Ерубаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында.
Оның айтуынша, Семей қаласындағы екі жыл бойы қызметін сәтті атқарып келген автопарк, қажетті қаражат алмағандықтан, соттың шешімімен банкрот болып жарияланып, несиеге алған техникасы түсініксіз жолмен басқа мердігерге берілген.
«Ең қызығы, аталған автопаркке екі жыл бойы төленбеген субсидияларды жаңа мердігерге қала басшылары бір сәтте 520 млн теңге мөлшерінде берілген. Бұл қаражат қайдан шықты? Бюджетте жаңа мердігерге арнайы сақталып отырған ба? Әрине, біз банкроттыққа ұшыраған автопаркті ақтағымыз келмейді, соттың шешімі бойынша оның да кінәсі бар шығар. Ал бірақ бұндай тәжірибе кең таралса, басқа да қалаларда қолдаусыз қалған автопарктердің тағдыры алаңдатады», - деді депутат.
«2018-2020 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттың қаншасы тікелей автобус парктеріне жеткендігі, ал қаншасы әлі күнге дейін әкімдіктің қорында игерусіз жатқаны туралы, сондай-ақ 2022-2024 жылдарға арналған бюджетте осы бағытта қанша қаражат қарастырылатындығы жөнінде мәлімет беруді сұраймыз. Сонымен қатар, қарастырылған қаражат тиісті мекемелерге жеткізбегенінің нәтижесінде, автопарктер банкроттыққа ұшыраған жағдайда жауапкершілікті кімнен сұрау керек?», - деді ол.


Автор Руслан Ғаббасов
Басты сөздер: Парламент, Мәжіліс, Жол,
Жоғары қарай