Ауа райы
Астана 13 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Сенім жәшіктері: СҚО студенттерінің шағымдары қандай

2019 жылдың 13 желтоқсан 2019 14:52

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында «сенім жәшіктері» орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарының мәліметінше, «сенім жәшігі» студенттердің арыздарын жылдам қарап, әрекет етуге мүмкіндік береді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрал университеттің оқу корпустарына және жатақханаларға орнатылды.

Бұл «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанаты СҚОФ, «Қызылжар – адалдық алаңы» және университеттің «Саналы ұрпақ» жобалық кеңселерінің ортақ іс-шарасы.

«Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінен хабарлағандай, осы күнге дейін «сенім жәшігіне» 9 өтініш түскен. Студенттер негізінен жатақханаларда орынның жетіспеушілігін айтып, жастар үшін қоғамдық көлікте жолақыны төмендетуді және білім гранттарын арттыруды сұраған.

«Jas Otan» жастар қанаты ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікпен, «Adaldyk alany» жобалық кеңсесімен бірге еліміздің мемлекеттік және ұлттық жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлық деректерін анықтау мақсатында студенттер арасында сауалнама жүргізді. Сондай-ақ бұл сауалнама жатақханаларға орналасу қолжетімділігі мен ондағы тұрмыстық жағдайдың деңгейін анықтауға мүмкіндік бермек», - дейді жобалық кеңсенің жетекшісі Бақытжан Тұрсынов.

Жоғары оқу орындары өкілдерінің сөзіне қарағанда, студенттердің анонимді арыздары жіті тексеріліп, нәтижесінде тиісті іс-шара қолданылады. Мәселен қазіргі уақытта жергілікті билікпен студенттерге қоғамдық көліктерде жүруге жеңілдік жасау мәселесі қаралып жатыр.

Көптің көкейінде жүрген стипендияның мөлшерін арттыру мәселесі келесі жылы шешіледі. Президент жастар жылын қорытындылаған жиында жағымды жаңалықты жеткізді. Университет студенттерінің, магистранттардың, докторанттардың және колледж оқушыларының стипендиясы 25% артады. Ақылы бөлімде оқитындарды да көтермелеу мақсатында арнайы жүйе жасалмақ.

«Сенім жәшіктері» студенттер арасында қолдау тапты. Енді олар өз мәселелерін қорықпастан тиісті ведомствоға жеткізе алады. Ал СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшылығы азаматтарды күнделікті қабылдайды.




Жоғары қарай