Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Сенім мен үміттің үндеуі

2020 жылдың 9 шілде 2020 14:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше республикалық телеарналар арқылы елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты телевизиялық үндеу жасады.

Мемлекет басшысы қазір әлемдегі пандемияға байланысты қалыптасқан жағдайдың өте күрделі екендігін атап өтті. Әлем бойынша және Қазақстанда коронавирустың таралуы бәсеңдемей отыр. Кейбір елдерде бұл індет қайтадан ушығып бара жатыр. Бұл үндеуде Мемлекет басшысының аузынан «Әр қазақ – менің жалғызым» деген сөз естідік. «Бұл індетті адамзат жуық арада жеңе қоймас» деген ауыр сөз де айтылды. Мәліметке сүйенсек, Үйінде науқастанып жатқандарға медициналық қызмет көрсететін 400 әмбебап мобильді бригада құрылыпты. Шілде айының соңына дейін олардың саны 3,5 мыңға дейін артады деді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әлем бойынша осы вирусты жұқтырғандардың саны шамамен 12 миллионға жетті, соның салдарынан 500 мыңнан астам адам қайтыс болды. Сол себепті, бірқатар елдерде карантин тәртібі қайта күшейтіліп, әуе, көлік қатынасы қайтадан шектелді. Өкінішке қарай, біздің елдегі жағдай да оңай болып тұрған жоқ. Мемлекеттік комиссияның шешімімен 5 шілдеден бастап елімізде екі апталық мерзімге карантин шаралары енгізілді. Бұл аса қажетті шешім болды. Жағдайдың тұрақталатыны сөзсіз. Оның алғашқы белгілері де бар. Сондықтан, алдағы екі апта біздің болашақ қадамдарымыз үшін шешуші кезең болмақ. Барлық азаматтарды тағы да карантин ережелерін қатаң сақтауға шақырамын. Індетпен күрестің нәтижелі болуы, ең алдымен, барша жұрттың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне байланысты», - деп атап өтті.
Біздің еліміздегі жағдай қатты алаңдатарлық, тіпті SOS дабылын қағатын деңгейге жетті. Күн сайын әлеуметтік желіде қайтыс болған азаматтар туралы қазанама көбейді. Қайғы арқалаған әулеттер қатары артып барады. Ет жақын туыстарынан айрылған отбасыларға көңіл айтамыз деді. Міне, осындай халықтың көз жасын бұлайтындай жағдай қалыптасып бара жатқанда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың телевизиялық Үндеуі арқылы індет бойынша және онымен күрес жағдайының қазіргі ахуалын өз аузынан айтуы көптеген жайға қанықтырды.

Халықтың денсаулығы – басты байлық. Бейбіт заманда ел-жұрт қынадай қырылып, қайғыдан қан жұтып жатыр. Әлемдік деңгейде індет кең тарап отыр. Қазір азаматтар өзімен өзі қалды. Қиындықтармен бетпе-бет ұшырасып, әркім өз білген әрекетімен жан сақтауға ұмтылып жатыр. Осы ретте Президенттің «Дәрігерлеріміз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға нақты, бірізді мәлімет беруі керек. Дертті емдеудің неше түрлі жолдарын көрсетіп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруге болмайды. Бұндай әрекеттерге тосқауыл қою керек. Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес жалған ақпарат таратқан адам жауапқа тартылады. Құқық қорғау органдары ел ішіндегі осындай жөнсіздікке қатысты қатаң шаралар қолданатын болады. Сол сияқты дәрі-дәрмектің бағасын бірнеше есе өсіріп, қалыптасқан жағдайды өз мақсатына пайдаланғысы келген алыпсатарларды да құқық қорғау органдары менің тапсырмама сәйкес жауапқа тарта бастады. Қазір мемлекеттік органдар елді мекендерді қажетті дәрі дәрмекпен толық қамтамасыз етуде. Осыған орай, тиісті қор жасақталған. Төсек орындары да, медициналық қызмет көрсету ісі де толығымен қамтамасыз етіледі» деген сөздері дәтке қуат бергендей. Ел тұрғындарына сенім мен үміттің Үндеуі болған аталы сөз еңсемізді көтерді. Сенім күшейіп, денсаулығымызды күтейік.


Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:

Бірқатар дәріханаларда кезек көбейіп, жұрт арасында дүрлігу байқалды. Осы жәйтке түсініктеме бере кетсем деймін. Сұранысқа ие препараттарға деген қажеттілікті тұрақтандыру үшін 1 шілдеден бастап дәріханаларға 475 мың дана әлеуметтік маңызы бар препараттар, соның ішінде 260 мың парацетамол, 98 мың аспирин, 35 мың ингавирин, 22 мың азитромицин, 15 мың кардиомагнил және басқа да дәрі-дәрмектер түсті. Сондай-ақ дәріханаларға 30 мың термометр қойылды. Қоймаларда әлеуметтік маңызы бар 645 мың дәрі-дәрмек, соның ішінде 301 мың аспирин, 84 мың кардиомагнил, 73 мың парацетамол, 42 мың ибупрофен, 26 мың амоксиклав және басқа да дәрі-дәрмектер бар. Күн сайын қаладағы 105 дәріханаға дәрі-дәрмектер жөнелтіледі. Бірақ олар тез сатылып кетуде. Десе де, іркіліс болмайды. Шілде айының соңына дейін 1,2 млн. аспирин, 930 мың парацетамол, ибупрофеннің 350 мыңы, ингавириннің 100 мың қаптамасы, 80 мың азитромицин, 40 мың тамифлю және басқа да әлеуметтік маңызы бар дәрілер жеткізіледі. Қаланың дәрі-дәрмек нарығында дүрбелеңге жол жоқ. Жағдай бақылауда. Құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр. Алыпсатарлар жазаланады.


Мұрат Бақтиярұлы, сенатор:

Президент өзінің бүгінгі үндеуінде Үкіметтің, әсіресе Денсаулық сақтау министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың індетке қарсы нақты іс- шаралар жасамағандығы туралы ашық айтты. Толық қолдаймын. Бұл парламент қабырғасында да айтылған болатын. Тыңдайтын құлақ болмады. Өкінішке қарай, көптеген отандастарымыз дер кезінде нақты дәрігерлік көмек аламағандықтан, тиісті дәрі-дәрмектер жетпегендіктен өмірден озды. Бүкіл билік олардың алдында кінәліміз деп санаймын. Әлі де болса он мыңдаған адамдарға көмек қажет. Олар қатты қиналуда. Барлық күшімізді солардың өмірін сақтап қалуға жұмсайық. Үкімет абаттандыруға , жол салуға, т. б. қатысты шығындарды қысқартып, оның орнына қажетті медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуы керек. Адам өмірінен қымбат ешнәрсе жоқ. Ендігі кезекте бала-шағамыз бен өз денсаулығымыз үшін жауапкершілік алатын уақыт жетті. «Індет жоқ» деген сөзге сенуге болмайды. Оның қаншалықты қауіпті екенін жан-тәнімізбен сезініп жатырмыз.

Жабал Ерғалиев,
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар Кеңесінің мүшесі:

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың телевизиялық үндеуін тыңдап, сол үндеудің мәтінін де зер сала оқып шықтым.
Расын айтқанда пандемия үдеп, осы індеттен қаза болып жатқандар да күн сайын көбейіп, ел мен жұртты үрей билеп, қазіргідей алаң күйге түсіп отырған жағдайда Мемлекет басшысының бір ауыз сөзі керек еді. Өйткені осы індет жайылғалы ел ішінде неше түрлі қауесеттер тарап, дүрбелеңге салынушылық бой ала бастады. Бұл негізсіз де емес еді. Өйткені, дәріханаларда дәрі-дәрмек жетіспеушілігімен бірге, кейбір дәрілерді үстеме баға қосып сату сияқты келеңсіздіктер орын алғаны да рас.
Тіпті осы індетпен күресіп жүрген дәрігерлердің өздерінің де пандемияны үсті-үстіне жұқтырып алып жатқандықтары да әлі де бар.Және де сол дәрігерлер ауырғандарға көмек көрсетуге келгенде дәрменсіз болып қалуы, жедел жәрдемдердің кешігуі, тіпті кей жағдайда келмеуі де, ауруханаларда орынның болмауы сияқты жағдайлардың Қазақстан бойынша орын алуы жайлы зар жылаған халық әлеуметтік желі арқылы байбалам салуға дейін шығып кетті. Мұны да Қасым-Жомарт Тоқаев «Осындай күрделі жағдай кезінде ел арасында көптеген жалған әңгімелер тарауда. Теріс ақпарат таратып жүрген арам пиғылды адамдардың әрекеттері орын алуда.
Өкінішке қарай, кейбір азаматтар жалған ақпаратқа сенетін болды,-деп қоғамда орын алып отырған ахуалды орынды атап көрсетті.

Осы орайда Президент « Ашығын айту керек, денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болған жоқ. Осы мәселе бойынша біз тергеу жүргіземіз және бұл жағдайдан сабақ аламыз. Әкімдердің жіберген қателіктеріне тиісті баға береміз»-деп халықтың дабылына құлақ асып отырғандығын және елдегі ахуалды өте жақсы біліп отырғандығын көрсетті. Және де әділін алға тартты.Біз неге дайын болмадық? Енді бұдан қандай сабақ аламыз? Адам баласын сәт сайын сынаққа салып отырған және әлі де талай қатаң сынақтары бола түсетін жағдайға дайын болу үшін не істейміз?.
Біз шынын айтқанда «бізде бәрі жақсы» деп өз ауруымызды өзіміз жасыруға бой алдырып, үйреніп алғандаймыз. Әйтпесе ұзақ жылдарда бері медицина саласында жүргізілген реформалардың, бұл салаға мемлекет тарапынан бөлініп жатар қыруар қаржының қайтарымы қайда? Халық қазір осыны айтады! Сондықтан да ендігі арада сұрау осы тұрғыдан болғаны да абзал.

Қазір әлемдегі пандемияға байланысты қалыптасып отырған жағдайдың күрделене түсуі және де коронавирустың таралуы бәсеңдемей отырғандығын ескеріп,Қазақстан бойынша. Мемлекеттік комиссияның шешімімен 5 шілдеден бастап екі аптаға карантин шаралары енгізілуі осы індеттің бетін қайтарудың аса қажетті шешімі болды. Бұл жағдай жалғыз біздің елде болып отырған жоқ. Президент бірқатар елдерде карантин тәртібі қайта күшейтіліп, әуе, көлік қатынастары қайтадан шектелгендігін алға тартып отыр. Ендеше біздің елде де карантин шараларының енгізілуі орынды болды.
Бір ақиқат бар айтатын! Осы індетке қарсы күресте біздің дәрігерлеріміз бен түрлі дәрежедегі медицина қызметкерлері ерлік танытты әлі де ерлік жасауда! Оларға Президентіміздің пәрменімен үстеме ақы төленуі де, Мемлекеттік марапаттардың берілуі де орынды әрі адами тұрғыдан алғанда да парасатты іс болды.

-Дегенмен, «Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, Әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде.
Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын, - деп Президенттің әр азаматтың қазасына орай қабырғасы қайыса көңіл айтуы және де 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялауы көңілден шықты. Расында да, «біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деп Абай айтқанындай әркімнің қазасы жанына ауыр тиетін бауырмал да ағайыншыл қазақтың әр баласы үшін қаралы күні аза тұтылып жатса, кез-келген індеттің, соның ішінде осы коронавирустың аса қауіпті екендігін тағы да терең ұғындыра тұсер еді. Және де осы 13 шілде күнін жыл сайын пандемиядан қайтыс болғандарды еске алу күні деп белгілеген де жөн болар еді. Шал ақын айтқандай «біздерге жала-қаза жоқ демеңіз» деген жайды және де әлемде қауіпті де қатерлі індеттердің бар екендігін, одан сақтана білуді еске салып тұратын күн болса деп те ойлаймыз.
« Бірақ, біздің күресіміз жалғаса береді.Бұл індетті адамзат жуық арада жеңе қоймас.Алайда, уайым мен қайғыға батып, түрлі қауесеттерге сеніп, еңсемізді түсіруге тағы да болмайды»-, деп Президенттің осы айтып отырғанына тоқтағанымыз абзал. Ел тізгіні ұстап отырған Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің қалың елін салмақты да, сабырлы болуға шақырып отыр.және де өз халқын бүкіл күш жігерімізді жинап, індетпен күресе беруге шақырып отыр.
-Біз – талай зобалаң мен сынақты бастан өткерген, тарихтың талай дауылына бой бермеген халықпыз.Батыр бабалардың жолын жалғаған бүгінгі ұрпақ та қазіргі қиындыққа төтеп береді деп сенемін.Бәлкім, бұл біздің бірлігімізді байқау үшін берілген сынақ шығар,-деп Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді жігерлендіріп те, қанаттандырып та, рухтандырып та отырғандығы әрқайсымызға деген сенімі деп қабылдадым.Ендеш осы сеніммен келер күндерімізге де сеніммен қарайық! Қазіргідей күрделі жағдайда жалған сөйлеп, болмағанды болды деп қауесет пенүрей тарата бергенше бір - бірімізді сабырға шақырып, қаяу көңілімізді өсіре сөйлейтіндей жақсылықтар айтайық!


Жоғары қарай