Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Сенаторлар сот жүйесін одан әрі реформалау туралы заң жобаларын қарайды

2021 жылдың 6 желтоқсан 2021 12:43

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Палата төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Бюро отырысы болды. Онда депутаттар 2021 жылғы 9 желтоқсанға жоспарланған Сенат отырысында қаралатын мәселелерді бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенаттың кезекті отырысының күн тәртібіне «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда енгізілді.

Заңнамалық өзгерістер сот өндірісіне IT-сервистерді енгізу, судья кадрларын конкурстық іріктеуді жүргізуге қосымша талаптар енгізу, сондай-ақ сот жүйесін қаржыландырудың жаңа үлгісін енгізу мәселелеріне қатысты болып отыр.

Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да бірінші оқылымда қарайды.

Осы заң жобасы бойынша медиаторлар ұйымының негізгі міндеттері мен уәкілетті органның құзыреті айқындалды. Медиатордың құқықтары мен міндеттері нақтыланды. Онлайн-медиацияны дамытуға бағытталған түзетулер де қарастырылған.


Басты сөздер: Сенат, Парламент, Сот,
Жоғары қарай