Ауа райы
Астана -21 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Сенаторлар цифрландырудың проблемалары мен кемшіліктерін айтты

2020 жылдың 16 қазан 2020 19:48

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенатта «Білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту саласындағы цифрландыру: жай-күйі, қолжетімділігі және қауіпсіздігі» тақырыбында Үкімет сағаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенат баспасөз қызметінің мәлімітенше, аталған щарада елдегі цифрландырудың қазіргі жағдайы, интернетпен қамтамасыз ету және аймақтардағы ақпараттық қауіпсіздік мәселелері талқыланды

«Мемлекет басшысы биылғы 10 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында пандемия цифрлық экономика саласындағы елеулі кемшіліктер мен олқылықтарды анықтағанын атап өтті. Осыған байланысты індет жағдайында цифрландыруды дамытудағы кемшіліктерді ескере отырып, мемлекеттік органдардың жұмысындағы тәсілдерді қайта қарау қажет деп санаймыз», – деді Сенат төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров.

Вице-спикер қазіргі уақытта ADSL технологиясы бойынша 118 қала мен 4558 ауылдық елді мекен интернетпен қамтамасыз етілгенін айтты. Оны әрі қарай дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда Қазақстан халқының шамамен 40 пайызы ауылдық аймақта тұрады. Бүгінде байланыс операторлары қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты жоюға бағытталған желілік құрылыс жобасын жүзеге асыруда.




«Қазақстанда дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету сервисі әзірленуде. Бұл жеке деректердің пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік береді. Елімізде соңғы кезге дейін дербес деректерді қорғау жөніндегі уәкілетті орган болмағанын айту керек. Дербес деректерді жинау, өңдеу және қорғау мәселелерінің барлығы операторлардың қарауында болды. Бұл адам құқықтарын қорғаумен тығыз байланысты өте өзекті мәселе. Сондықтан оны тиісті мемлекеттік органдар жедел шешуге тиіс деп есептейміз», – деді Сенат төрағасының орынбасары.

Шараны Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы жүргізіп отырды.

Үкімет сағатында цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин сөз сөйледі. Ол мемлекеттік органдарда талдау мен ақпараттық технологиялар архитектурасына жүйелі көзқарас жоқ екенін айтты.

Сенат депутаты Алтынбек Нухұлы өз баяндамасында цифрландыру саласындағы бірнеше өзекті мәселелерді сөз етті. Сенатор денсаулық сақтау, білім беру және жұмыспен қамтуды цифрландырудың басты мақсаты әкімшілік құжат рәсімдеу процесін жеңілдету, азаматтарымызға көрсетілетін көмектің ашықтығы мен қол жетімділігін қамтамасыз ету қажеттілігіне тоқталды.

«Әлеуметтік қызметтердің порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу азаматтардың қажеттіліктері үшін маңызды рөл атқаратынын атап өткім келеді», – деді Алтынбек Нухұлы.

Маңызды тақырыпты талқылауға Сенаттың Жас сарапшылар клубының мүшелері де қатысты. Олар цифрландырудың дұрыс жұмысына қатысты ой қосып, ұсыныстарымен бөлісті.

Үкімет сағатының қорытындысы бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар қабылданды. Олар, өз кезегінде Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарына жолданады, сондай-ақ, заң жобаларын қарау барысында және Комитеттің жұмысында ескеріледі.

Үкімет сағатын Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті мен Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті және Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті ұйымдастырды.





Жоғары қарай