Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Сенатор қоныс аудару бағдарламасына қатысты ұсыныстар айтты

2021 жылдың 13 мамыр 2021 11:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламен Сенатының жалпы отырысында депутат Әлімжан Құртаев еліміздің оңтүстік өңірінің тұрғындарын солтүстік аймаққа қоныстандыру жөніндегі бағдарламаның жүзеге асу барысын сынға алды. Осы орайда ол Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатордың пікірінше, әкімдіктер көбінесе қоныс аударушыларға өмір сүру мен еңбек етуге лайықты жағдай жасамай отыр.

«Көшуге ниет білдірген отбасы қоныс аударушыларды қабылдайтын аудандар туралы ақпаратқа толықтай қол жеткізе алмайды. Сондықтан олардың таңдауы шектеулі болып отыр. Кейбір әкімдіктер отбасын қалаған ауылға емес, әкімдік өзі көрсеткен ауылға жібереді. Тағы бір мәселе - тұрғын үй жайы. Кейбір өңірлерде жаңа жеке тұрғын үйлерді салу жұмыстарымен фермерлік шаруашылықтар айналысады және үйлерді ресми келісу процесін толық өткізбестен сала береді. БАҚ-та жарияланған ақпаратқа сәйкес, құрылыстың сапасы қойылатын талаптарға жауап бермейді», - деді Әлімжан Құртаев.

Сенатордың ұсынысы - түсіндіру жұмыстарын күшейту. Ол үшін кем дегенде жіберуші және қабылдаушы салаларда Call-орталықтар ашу қажет. Онда қоныс аударушыларға толық ақпарат және олардағы барлық сұрақтарға жауаптар берілуі керек.

«Аталған Call-орталықтардың тиімді жұмыс істеуі үшін бос жұмыс орындары, тұрғын үймен қамтамасыз ету, көрсетілген облыстарда шаруашылықтың қандай түрімен айналысуға болатынын, сондай-ақ мәселелер бойынша көшуге ниет білдірген азаматтарды хабардар ете алатын мамандарды тарту керек», - деді депутат.

Сенатор банк несиелері бар көшіп-қонушыларға 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге несиелік демалыс беруді ұсынып отыр. Бұл көбінесе көшу процесінде туындайтын қарыздардан кейін азаматтарға субсидия беруден бас тартылатын болғандықтан аса маңызды.


Жоғары қарай