Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Сенатор Қазсушар компаниясының қызметін сынға алды

2022 жылдың 19 мамыр 2022 12:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстандағы «Қазсушар» компаниясының бөгеттері мен су қоймаларын қалпына келтіру жұмыстары негізсіз кешіктіріліп жатыр, бұл өз кезегінде жобаның қымбаттауына әкеліп соқтырады. Бұл туралы депутаттық сауалында сенатор Дүйсенғазы Мусин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутаттың айтуынша, 2014-2016 жылдары 5 бірдей жоба бойынша гидротехникалық құрылыстарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуы тиіс еді, бірақ жұмыс әлі аяқталмаған. Шығыс Қазақстан облысы басшылығының өтініштерінен кейін, сенатор кәсіпорынды аралап, жағдаймен сол жерде танысты. Мәселен, жөндеу жұмыстарының негізсіз кешігуіне байланысты Зайсан ауданындағы Үйдене су қоймасын қалпына келтіру құны 851 миллион теңгеге өсті, ал Қарғыба өзеніндегі бөгетті жөндеу 320 миллион теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін.

«Осы жобалардың уақытылы аяқталмауына байланысты 28 646 гектар суармалы жер көп жылдар бойы тиімді пайдаланылмай, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаржы жағдайына және ондаған елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайына елеулі нұқсан келтірді. Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, суармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында аталған жобаларды аяқтауды қаржыландыруды қарастырып, шешімін табуға көмектесуіңізді сұраймын», - деді депутат Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы Ядролық материалдарды, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбаудағы өзара іс-қимыл жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.



Жоғары қарай