Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Семейде жылыту маусымы мерзімінен бұрын басталды

2020 жылдың 26 қыркүйек 2020 01:34

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында жылыту маусымы биыл мерзімінен бұрын басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық ақпарат орталығының мәліметінше, ауа температурасының төмендеуіне байланысты және ЖРВИ-дің өршуіне жол бермес үшін 25 қыркүйекте жылыту маусымы басталған.

Алдыңғы жылдары жылу кезең-кезеңімен қосылған еді: әуелі әлеуметтік және денсаулық сақтау нысандары, содан кейін тұрғын үйлер. Ал осы жылы барлығына бірдей уақытта қосылды.

«Қазір күннің суытуына орай қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұйрығымен «Теплокоммунэнерго» жылыту маусымын бастады. Бүгін әлеуметтік нысандар мен тұрғындарға жылу беріледі», - дейді ЖЭЦ-1 өндіріс жөніндегі директорының орынбасары Николай Демин.

Оның айтуынша, кәсіпорындағы көмір қоры шамамен 50 мың тоннаны құрайды. Бұл жылу беру кезеңінде қазандықтардың жұмысын толықтай қамтамасыз етеді.

«Биыл ЖЭЦ-1 мен 103 қазандыққа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы мақсатта бюджеттен 127 миллион теңге бөлінген. Бізде көмір жеткілікті. Қатты отын күнделікті 20-22 вагон мөлшерінде жеткізіледі. Қыс мезгіліне 100 пайыз дайынбыз», - деді Н.Демин.

Айта кетейік, қазіргі уақытта қала бойынша көмірдің бір тоннасының бағасы - 9500 теңге.


Жоғары қарай