Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 375.87
EUR 406.24
RUB 5.84
CNY 53.45

Семейде жоғалып 2 күннен кейін табылған бала иесіз саяжайды паналауы мүмкін

2020 жылдың 26 қаңтар 2020 19:36

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семей қаласында із-түссіз жоғалып кетіп 2 күннен кейін табылған Айбар Егізбаев алдын ала болжам бойынша иесіз саяжайды паналаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақпарат орталығында өткен баспасөз конференциясында Семей қалалық полиция бөлімі бастығының орынбасары Шалқар Қанағатов жоғалған баланың 26 қаңтар күні сағат 8.30-да Бобровка ауылындағы көшелердің бірінде әжесінің үйінің маңынан табылғанын айтты.

Іздестіру жұмыстарына 1200 адам, оның ішінде полиция қызметкерлері, еріктілер және қала тұрғындары қатысқан.

«Айбарды апайы нанға дүкенге жіберген. Бірақ бақылау камераларының бейнежазбасына қарағанда, бала дүкенге кірмей, әжесі тұратын қала сыртындағы үйге қарай жүгіргенін байқадық. Қазіргі таңда оның қайда болғанын анықтап жатырмыз. Алдын ала болжам бойынша ол екі күн бойы иесіз саяжайды паналап, нан мен майды азық қылған. Айбардың айтуынша, сол жерде өзінен басқа ешкім болмапты, - дейді Шалқар Қанағатов.

Білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенконың айтуынша, №42 мектеп-интернатының екінші сынып оқушысын демалыс күндері апайы үйіне алып кетіп жүрген.

«Анасы жұмысқа жиі кететіндіктен, бала интернатта тұрады. Ол әрқашан таза киініп, өзін ұқыпты ұстайды. Бұзақылық жасаған кездері мүлде болған емес. Айбар белсенді, әрдайым көңілді жүретін бала. Психологтың сөзінше, бала анасын қатты жақсы көреді. Оны іздеп барып, жоғалып кетуі де әбден мүмкін», - дейді ол.

Естеріңізге сала кетсек, 9 жасар Айбар Егізбаев 24 қаңтар күні жоғалып кетіп, бүгін таңертең табылған болатын.

Жоғары қарай