Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Семейде мұғалімдерді көше сыпыруға жіберген лауазым иелері жауапқа тартылды

2021 жылдың 21 қазан 2021 09:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Семейде педагогтерді көше сыпыруға жіберген лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әңгіме Семей қаласы әкімінің орынбасары Д.А. Гариков туралы болып отыр. Сонымен бірге әкімнің орынбасарына қатысты тәртіптік шаралар қолдану туралы хат жолданды.

Семей қаласы білім бөлімінің басшысы Н.А. Фесенкоға қатысты сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Сондай-ақ ол әкімшілік жазаға тартылды.

№ 9 ОМ директоры Н.В. Тегай және №43 ОМ директорының м. а. А.В. Искрина әкімшілік жауапқа тартылды.

Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желілерде 16 қазанда Семей қаласының №43 мектебінде оқу процесіне кедергі келтіріп, мұғалімдерді сенбілікке көше сыпыруға жібергені туралы жарияланымдар тараған болатын.

Педагогтерді қызметінен тыс жұмыстарға тарту, оның үстіне оқу процесіне кедергі келтіру «Педагог мәртебесі туралы» Заң талаптарына қайшы келеді.

ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің, сондай-ақ ШҚО Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің қызметкерлері әкімшілік істі қарады.

Тексеру барысында сенбілікке №43 мектебінің педагогтерінен басқа №9 мектебінің мұғалімдері де жіберілгені анықталды.

Әкімшілік істі қарау барысында педагогтер қаланы абаттандыру жұмыстарына Семей қаласы әкімінің орынбасары Д.А. Гариковтың хаты негізінде шыққаны анықталды. Хатта педагогтердің сенбілікке таңғы сағат 09.00-де шығуын қамтамасыз ету тапсырылған. Сондай-ақ хаттың әкім орынбасарының қолы қойылған қосымшасына сәйкес әр мектепке аумақты тазарту жұмыстарын жүргізу үшін белгілі бір учаске берілген. Тапсырманың орындалуын бақылау әкімдіктегі бөлімшелердің біріне жүктелген.

«Білім және ғылым министрлігі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне педагогтерді пайдалану және оларды қызметінен тыс жұмыстарға тарту бойынша осындай әрекеттерге жол берілмеуі тиіс екендігі туралы түсіндірілген хат жолдады»,-делінген хабарламада.

Осыған дейін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді осындай жұмысқа мәжбүрлегендер жауапқа тартылатынын айтқан болатын.

Кейінірек Семей қаласы әкімінің орынбасары аталған жағдайға қатысты пікір білдірді.



Жоғары қарай