Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Семейде карантин кезінде интернет-алаяқтық көбейді

2020 жылдың 11 маусым 2020 20:31

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында карантин кезінде алаяқтық фактілері жиілеп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Ақпарат орталығында өткен баспасөз брифингінде Семей қалалық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің бастығы Данияр Қазкеев мәлім еткендей, карантин уақытында дүйім жұрт қашықтан сауда жасауға көшкенде интернет-алаяқтардың саны күрт артқан. Жыл басынан бері Семейде осындай 115 алаяқтық фактісі тіркелді. Оның 78-і ашылса, 37-і бойынша жедел-іздестіру шаралары жалғасуда.

Көп жағдайда алаяқтар әртүрлі сайттарға жарнама орналастырып, интернет пайдаланушылардан алдын ала төлем жіберуді сұрайды. Олар еліміздің түкпір-түкпірінде ғана емес, басқа елдерде отырып-ақ «жұмыс істейді». Мәселен, 13 адамды Ресей Федерациясындағы интернет-алаяқтар тұзаққа түсірген.

«Алаяқтардың арбауына іліккендердің санын азайту үшін халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Төтенше жағдай кезінде көпшіліктің үйде отырып онлайн қызметтерді пайдаланғаны белгілі. Ал алаяқтар болса әуелі танымал сайттар арқылы жылжымайтын мүлік немесе автокөлік сататындығын хабарлаған. Одан кейін қызығушылық танытқандарға басқа қалада екендігін айтып, алдын ала төлемді, жеке куәлікті немесе банк деректерін жіберуді сұраған. Осындай қылмыстарды ашу қиынға соғады, сондай-ақ келтірілген материалдық шығынның да қайтарылуы екіталай», - дейді Данияр Қазкеев.


Жоғары қарай