Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Семейде бірқатар кәсіпкерлік нысандар қайта жұмыс істей бастайды

2020 жылдың 29 мамыр 2020 21:12

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Семей қаласына барып жергілікті кәсіпкерлермен кездесті.

Аймақ басшысы бизнес өкілдеріне бүгін жарияланған бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысында қарастырылған карантин тәртібінің кезең-кезеңмен жеңілдетілуі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, ертеңнен бастап Семейде 30 орындық қоғамдық тамақтану нысандары, сондай-ақ жазғы алаңдар жұмыс істей бастайды. «Кезекші топ» режимінде балабақшалар мен жеке және топтық дайындықтарға арналған мәдениет нысандары, автокөліктерді, тұрмыстық техниканы сату салондары, құрылыс материалдарын көтерме-бөлшек сату сауда орындары, сұлулық салондары, кір жуатын орындар жұмысқа қайта кірісетін болады.




Облыс басшысы атап өткендей, Семей қаласы бойынша алдағы шешім эпидемиологиялық жағдайға байланысты қабылданатын болады.

«Егер келесі апталарда бізде жағдай тұрақтанса, онда қосымша шешім қабылдаймыз. Бірақ қазір қала тұрғындарының өміріне қауіп төндіруге болмайды. Жағдай тұрақталса, карантиндік шаралар жеңілдетіледі. Егер нашарласа, онда адамдардың денсаулығын қорғау үшін тиісті шаралар қабылдайтын боламыз, – деді ШҚО әкімі.




Естеріңізге сала кетейік, соңғы 3 күнде Семей қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 23 жаңа жағдайы тіркелген. Даниал Ахметов қажетті санитарлық шараларды сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде кәсіпкерлер қабылданған шешімді қолдап, санитарлық нормаларды өздері ғана емес, сонымен қатар олардың келушілері де сақтайтын болады деп сендірді.

«Біз үшін кәсіптің алға басуы өте маңызды. Жұмысымыз 16 наурызда тоқтады. Бүгінгі жиын барысында бізге кейбір нысандардың қызметі қайта басталатындығы туралы айтып берді. Сондай-ақ біз әкімнің ұсынысы бойынша арнайы кәсіпкерлер тобын құрып, қала басшысымен жұмыс істейтін боламыз. Енді әр сәрсенбі сайын жиналып, өз ұсыныстарымызды жеткіземіз, – дейді қалалық кәсіпкерлер тобының мүшесі Зарина Айдарханова.

Айта кету керек, Шығыс Қазақстан облысы бас дәрігерінің 11-ші қаулысына сәйкес, шектеу, оның ішінде карантиндік шаралар 13 маусым күні сағат 00:00-ге дейін ұзартылды.

















Жоғары қарай