Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Семей полигонының зардабы әлі бар – «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының мүшесі

2021 жылдың 29 тамыз 2021 15:25

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 29 тамыз - ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні. «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының мүшесі Гүлдана Нұрпейісова ҚазАқпарат тілшісіне Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуының маңыздылығы туралы айтып берді.

«Невада-Семей» қозғалысы өкілінің айтуынша, Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан алғашқы ел. Сонымен қатар, қарапайым халық, билік пен саясаткерлердің ізгі ниетін біріктіруге болатынын әлемге дәлелдеген мемлекет. Қазақстан өзінің бастамасын ең жоғары трибуналарда бірінші болып жеткізді. Бұл үлкен қадам болды.

«Біз қазір жұмысымызды жандандырдық. Жер бетіндегі барлық полигонды жабу керек. Бұл жерде ядролық қаруы бар мемлекет парламентшілерінің рөлі зор. Қозғалыс қайраткерлері енді БҰҰ -ның Семей аймағын сауықтыру бағдарламасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бізде «Радиация, экология, денсаулық» проблемалық комитетi жұмыс істейді. Оның құрамында көрнекті ғалымдар бар. Олар экологиялық медицина, реабилитация, генетика және әлеуметтік қорғау саласындағы жобаларды дайындап жатыр. Сонымен қатар, жастарымызды ядролық қарусыз әлем үшін күресте белсенді болуға тәрбиелеу жұмыстары жүргізілуде. 2019 жылы елордада «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының құрылғанына 30 жыл толуына арналған үлкен конференция өтті. Сол жерде Олжас Сүлейменов ядролық қаруға толық тыйым салу үшін барлық әлемдік қауымдастықтар бірігіп, күш біріктіру керектігін айтқан болатын», - деді Гүлдана Нұрпейісова.

Сонымен қатар, ол осыдан 32 жыл бұрын белгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің жетекшілігімен «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы құрылғанын атап өтті. Қозғалыс мүшелері Олжас Сүлейменовтің ұстанған бағытын қолдайтындарын жеткізді.

«Семей полигонында алғашқы жарылыс 1949 жылы болды. Содан кейін көптеген жерасты және жерүсті сынағы жасалды. Оның бәрі жасырын түрде болды. 1989 жылы шағандық ұшқыштар Олжас Омарұлына телефон соғып, радиациялық ағын туралы айтты. Бұған дейін ешкім ядролық полигонның бар екенін білмеген. Біз ол кезде мектепте оқитынбыз. Жер дірілдеп, әйнектер сықырлайтын. Адамдар неге ауыра бастағанын түсінбеді. Мұның бәрі радиацияның әсерінен болды. Семей полигонында жарылған бір ядролық бомбаның қуаты Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбадан жүз есе көп «, - дейді Гүлдана Нұрпейісова.




1989 жылдың ақпан айының соңында Алматыда құрылған қозғалыс туралы ақпарат бүкіл әлемге тарады. Оның қатарына жер бетінің миллиондаған тұрғыны қосылды. Қозғалыстың күшімен Семей полигоны жабылып, әлемдегі басқа полигондардағы жарылысқа мораторий жарияланды. Осы мақсаттарға жету үшін 1993 жылдың тамыз айының соңында жаһандық антиядролық альянстың көптеген бейбіт шерулері, митингілері, конференциялар, форумдары мен конгрестері өтті.




«Невада-Семей» қозғалысының қатысушылары халықаралық аренада белсенді іс-қимылдарды жалғастыра берді. Қазақстанның көптеген қалалары мен аймақтарында, сондай-ақ Ресей, АҚШ, Италия, Жапония, Түркия және басқа да елдерде ұйымның бөлімшелері құрылды.

Сол жылдары «Невада -Семей» қозғалысының екі газеті болды: «Народный конгресс» және «Халық конгресі» оны - атақты жазушы Геннадий Толмачев пен Сайын Мұратбеков басқарды.

«Семей полигонының жабылғанына 30 жыл болды, бірақ зардабы әлі бар. Ядролық физика институтының академигі марқұм Иван Яковлевич Частников «Ядролық жарылыстардың жаңғырығы» атты кітабында: «Радиацияның зиянды әсері мәңгі із қалдырады» деп жазған. Су мен топырақты радиациядан толық тазарту үшін ғасырлар қажет. Осы күнге дейін тұрғындардың қатерлі ісік пен түрлі ауруларға шалдығуының себебі осы. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне Семей ядролық полигонында зардап шеккендер туралы заңға қайта оралу, оңалту, зейнеткерлікке жеңілдік, лайықты өтемақы мәселелерін шешу қажет», - деп түйіндеді ол.

Сондай -ақ, спикер қазіргі уақытта шешілуі тиіс проблемаларды да атап өтті.

«Қозғалыс ардагерлерінің мәселесі де өткір. Олардың біразы өмірден өтіп кетті. Олардың ең жасы елуден асты. Олар тиісті күтіммен, медициналық көмекпен қаматамасыз етілмеген. Жарылыстардан зардап шеккен ардагерлер мен оқу полигонында қызмет еткен сарбаздардың қатары сиреп барады. Олардың мәртебесі ҚР заңында ешқандай түрде көрсетілмеген. Мысалы, Чернобыль АЭС-індегі апатты жоюға қатысушылардың зейнетақысына қосымша төлемдер беріледі, қоғамдық көлікте тегін жүреді және жыл сайын шипажайларға жолдама алады. Полигоннан зардап шеккендерге ешқандай жеңілдік жоқ. Бұл проблемалардың барлығы өзекті және тез арада шешілуін күтеді»,-деп қорытындылады «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының мүшесі.


Жоғары қарай