Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Семей автобустарында маска тақпаған жолаушылар қалай жазалануда

2020 жылдың 28 қазан 2020 17:57

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейде қоғамдық көлікте жолаушылардың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қалай сақтайтыны тексерілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Карантин шектеулері бойынша азаматтар қоғамдық орындарда маска тағып жүруі қажет. Тәртіп бұзушылардан бірінші түсініктеме алынады, екінші рет қайталаса 80 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынады.

ШҚО бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес автобустарда жолаушылар көптеп шоғырланбауы тиіс. Алайда қоғамдық көліктерде аталған нормалар сақталмайды. Автобустарда әсіресе таңертеңгі және кешкі уақытта мүлде орын болмайды.





«Облыста коронавирустың жаңа жағдайлары тіркелулерінің бір себебі – қоғамдық көліктердегі санитарлық талаптардың бұзылуы. Автобус жолаушылары ара-қашықтықты сақтау керек. Бірақ бұған халықты кінәлауға болмайды. Бұл автобус парктері басшыларының жауапкершілігі. Біз тиісті шаралар қабылдап, парк басшыларына жолаушыларды қалай отырғызу жөнінде хат жолдамақпыз», - дейді қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Мұрат Ченемесов.

Оның айтуынша, автобус жолаушыларының маска режимін сақтауына тексеру жүргізілуде.

«Бүгін автобуста маска кимей отырған әйел адамды байқадық. Оның маскасы бар, бірақ оны тақпай, қалтасына салған. Біз одан түсініктеме алып, материалдарды тиісті мекеме жолдадық. Осы ретте, қала тұрғындарын өздерінің және жақындарының қауіпсіздігін сақтау үшін қоғамдық орындарда маскамен жүруге шақырамыз, – дейді.

Айта кетейік, соңғы күндері Семейде маска режимін бұзған 100-ге жуық адамға айыппұл рәсімделген. Рейд әлі де жалғасуда.








Жоғары қарай