Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Сайлау: Байқаушылар мен БАҚ-ты тіркеу тәртібі қандай

2020 жылдың 4 желтоқсан 2020 18:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау процесіне қатысушылардың жекелеген санаттарының өкілеттіктерін іске асыру қалай жүргізіледі? Бүгін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысында осы тақырыпқа түсінік берілді.

Саяси партиялардың сенім білдірген адамдары

Ортсайлауком мүшесі Серік Сыдықовтың айтуынша, кандидаттардың, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың өздеріне сайлау науқанын жүргізуге көмектесетін, сайлау алдындағы үгітті жүргізетін, кандидаттардың, саяси партиялардың мүдделерін білдіретін сенім білдірілген адамдары болуына құқылы.

«Депутаттыққа кандидаттардың партиялық тізімін ұсынған саяси партия, өзіне кандидат берген өкілеттіктер аясында әрекет ететін өкіл, ҚР азаматы сенім білдірілген тұлға бола алады. Сенім білдірілген тұлғаның мәртебесі оның тиісті аумақтық сайлау комиссияда тіркелген сәтінен бастап пайда болады. Сенім білдірілген адамдар сайлау науқаны аяқталғаннан кейін, жеке бастамасы аясында, кандидаттың және партиялық тізімін ұсынған саяси партияның шешімі бойынша, сондай-ақ кандидатты, партиялық тізімді тіркеудің күші жойылған, «ҚР сайлау туралы» заңы бұзылған жағдайларда өз мәртебесінен айырылады», - деді ОСК мүшесі.

Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар сенім білдірілген адамдарын өз қалауы бойынша тиісті сайлау округіндегі әрбір сайлау учаскесіне үш адамнан аспайтын санда айқындайды және олар туралы тіркеу үшін тиісті сайлау комиссиясына хабарлайды.

Сенім білдірілген адамдарды тіркеу рәсімі ОСК-ның 2011 жылғы 21 қарашадағы «Сенім білдірілген адамдарды тіркеу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» № 62/108 қаулысымен айқындалған.

Сенім білдірілген адам ҚР азаматы болуға тиіс және қандай да бір сайлау комиссиясының мүшесі, мемлекеттік саяси қызметші лауазымындағы адам бола алмайды.

Дауыс беру күні тиісті сайлау округіндегі әрбір сайлау учаскесінде бір мезгілде әрбір кандидаттан немесе партиялық тізімін ұсынған саяси партиядан бір сенім білдірілген адам қатысуға құқылы.

Еліміздегі байқаушылар

Дауыс беруге арналған нысанда дауыс берудің өткізілуін, дауыстарды санауды, сондай-ақ аумақтық сайлау комиссиясының (Парламент Сенатының депутаттарын сайлау кезінде), учаскелік сайлау комиссиясының шешімдері мен әрекеттерін (әрекетсіздігін) байқауды жүзеге асыратын Қазақстан азаматы байқаушы болып саналады.

«Дауыс беру күні тиісті сайлау округіндегі әрбір сайлау учаскесінде бір мезгілде Қазақстанның әрбір саяси партиясынан, өзге де қоғамдық бірлестігінен, коммерциялық емес ұйымынан бір-бір байқаушыдан қатысуға құқылы», - деді Серік Сыдықов.

Байқаушының мәртебесі учаскелік сайлау комиссиясында ол туралы деректерді есепке алу журналына енгізіліп, тіркелген сәттен басталады. Учаскедегі дауыстарды санау хаттамасын жоғары тұрған комиссияға (аудандық, қалалық) беру аяқталғаннан кейін, сондай-ақ ҚР заңнамасы бұзылған жағдайда байқаушы өз мәртебесін жоғалтады. Байқаушы өзінің мәртебесіне ие болады әрі барлық талап етілетін құжаттар ұсынылған және сайлау комиссиялары тарапынан барлық рәсімдік шешімдер қабылданған кезде ғана тиісті құқықтар мен міндеттерге ие болады.

Сайлауды байқау үшін жеке тұлғаны жіберген заңды тұлғаның құжатына өкілеттігі ұйымның құрылтай құжаттарымен, ұйым басшысының өкілеттік беру туралы өкімдік құжаттарымен немесе ұйым атынан белгілі бір іс-әрекеттерді орындауға сенімхаттармен расталатын заңды тұлға қол қоюға тиіс.

Бұл құжат байқаушыны жіберген ұйымның мөрімен расталады және байқаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде жарамды болады. Бұл ретте заңды тұлға беретін құжат жеке тұлғаға берілетін өкілеттіктердің шекараларын, осы тұлға туралы мәліметтерді (тегі, аты және әкесінің аты) нақты айқындауға, сондай-ақ өкілеттіктерді орындауға кедергі келтіретін шектеулердің жоқтығы туралы жазбаны қамтуға тиіс.

Сайлау процесіне қатысу, сайлау учаскелерінде байқау және тұтастай алғанда азаматтардың саяси құқықтарын іске асыру саласындағы қызметті жүзеге асыру жөніндегі өкілеттіктер ұйым жарғысының көшірмесімен расталуға тиіс.

Конституциялық заңға сәйкес, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тізімін ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіретін немесе ықпал ететін қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады. Осылайша, ҚР саяси партияларының, басқа да қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары Қазақстан Республикасының азаматтары болуы тиіс.

Өз баяндамасы аясында Серік Сыдықов дауыс беру күні фото, аудио және бейнежазбаны жүзеге асыру бойынша байқаушылардың құқықтарының ерекшеліктеріне тоқталды.

«Қазақстан Респуюликасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң ұлттық байқаушылаушыларға дауыс беру барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергі келтірмей, фото , аудио және бейнежазбалар жасауға құқығын береді. Сонымен бірге, бұл құқықты жүзеге асыру Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген адам құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңда бекітілген дауыс беру құпиясын сақтау қағидатына қол сұға алмайды.

Тиісінше, фото , аудио және бейнежазба, сол сияқты байқаудың өзі де дербес деректердің, оның ішінде сайлаушылар тізімінің, толтырылған бюллетеньдердің құпиялылығы сақталатындай етіп жүзеге асырылуға тиіс.

Байқаушы жүргізген фото , аудио және бейнежазбалар азаматтық, қылмыстық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Халықаралық ұйымдардың байқаушылары

ҚР Сыртқы істер министрлігі ұсынысы бойынша ОСК жанында аккредиттелген шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың жеке тұлғалары шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары болып саналады.

Халықаралық байқаушы мәртебесі ол аккредиттелген кезден бастап күшіне енеді. Халықаралық байқаушы сайлау науқаны аяқталғаннан кейін, ҚР заңнамасы немесе халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормалары бұзылған жағдайда, сондай-ақ ҚР СІМ ұсынуы бойынша тиісті шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның өтініші негізінде өз мәртебесін жоғалтады.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың аккредиттелген байқаушыларына сайлау науқанын өткізу кезеңіндегі олардың қызметі үшін негіз болатын, яғни ОСК белгілеген үлгідегі куәлік беріледі. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік БАҚ өкілдері өз мәртебесін ҚР сайлауын байқаумен байланысты емес қызметті жүзеге асыру үшін пайдалануға құқылы емес.

Шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның байқаушысы, сондай-ақ шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өкілі бір аудармашымен бірге жүруі мүмкін. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өкілі ҚР Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу туралы куәлік болған кезде сайлауды байқауды жүзеге асыра алады.

БАҚ өкілдері

Дауыс беру күні дауыс беруге арналған сайлау учаскесі ашылған кезден бастап және сайлау учаскесінде сайлаушылардың дауыстарын санау кезінде дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін, қызметтік куәлігі мен редакцияның тапсырмасы болған кезде, әрбір БАҚ-тан бір-бір өкілден бір мезгілде қатысуға құқылы.

Журналист аккредиттелген мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар оған отырыстар, кеңестер және өзге де іс-шаралар туралы алдын ала хабарлауға, стенограммалармен, хаттамалармен және өзге де құжаттармен қамтамасыз етуге міндетті.

БАҚ өкілі сайлау комиссиясы төрағасының тиісті сайлау комиссиясы белгілеген сайлау учаскесіндегі тәртіп ережелерін сақтау жөніндегі талаптарын орындауға міндетті (КЗ 39-бабының 2-тармағы).

Ал шетелдік БАҚ өкілінің ҚР СІМ-де аккредиттелген сәттен бастап оның құқықтық мәртебесі күшіне енеді. 2020 жылғы 2 желтоқсандағы жағдай бойынша ҚР СІМ жанында тұрақты негізде 39 шетелдік БАҚ-тың 166 өкілі аккредиттелді.

Шетелдік БАҚ өкілі сайлау науқаны аяқталғаннан кейін, сондай-ақ шетелдік БАҚ журналисін аккредиттеуді мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайда өз мәртебесін жоғалтады.

Заң бойынша шетелдік БАҚ өкілін учаскелік сайлау комиссиясында тіркеу немесе аккредиттеу тікелей көзделмеген. Бұл ретте БАҚ өкілінің өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты және аккредитациясы болуы міндетті.

Шетелдік БАҚ өкілдерінің құқықтары халықаралық байқаушылардың құқықтары мен міндеттеріне ұқсас.


Жоғары қарай