Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Саясаттанушы: Садыр Жапаровтың сапары Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталған

2021 жылдың 2 наурыз 2021 17:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың сапары Қазақстанмен стратегиялық әріптестік пен одақтастықты нығайтуға бағытталған. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев осылай дейді.

«Көктемнің басы Қазақстан астанасының саяси күнтізбесіндегі маңызды оқиғамен тұспа-тұс келді. 2021 жылғы 2-3 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қырғызстан басшысы Садыр Жапаровтың Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары өтуде. Қазақстан Президенті бірінші болып Садыр Жапаровты Қырғызстан басшысы лауазымына сайлануымен құттықтап, елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Қырғыз президентінің Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқы сапарының Қазақстаннан басталуы Бішкек үшін Нұр-Сұлтанмен стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды нығайтудың маңыздылығын білдіреді. Сапар аясында нәтижелі екіжақты келіссөздер жүргізілді. Қазақстанның Қырғызстанмен жан-жақты ынтымақтастығы бұған дейін қол қойылған 180 құжат, оның ішінде 1997 жылғы Мәңгілік достық туралы шарт және 2003 жылғы одақтастық қатынастар туралы шарт негізінде дамуда» деп атап өтті Санат Көшкімбаев.

Оның айтуынша, Қазақстан Қырғызстанның тұрақтылығы мен өркендеуіне, бауырлас мемлекетпен сындарлы диалог пен көпжоспарлы ынтымақтастықты жалғастыруға өте мүдделі.

Шын мәнінде, қырғыз көшбасшысы атап өткендей, біздің елдеріміздің екіжақты күн тәртібінде шешілмейтін мәселелер жоқ.

Қазақстан Қырғызстанның (Қытай және Ресеймен қатар) негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі болып қала береді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 800 млн құрады.

2019 жылмен салыстырғанда, коронакризиске байланысты (856 млн) сауда айналымының біршама төмендеуі орын алды.

Екі ел сауда-экономикалық кооперацияны қалпына келтіріп, ұлғайтқысы келетіні анық.

«Қазақстанның Қырғызстанға экспортының негізгі бөлігі металл бұйымдары, тас көмір, өсімдік өнімдері, тұрмыстық техника, ұн, астық және кондитерлік өнімдер болып табылады. Қазақстан Қырғыз Республикасынан негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін, тоқыма өнімдерін, кенді, қыздыру шамдарын, жемістер мен көкөністерді импорттайды. Қазіргі уақытта қырғыз тарапы қазақстандық электр энергиясының импорты туралы мәселені қарастыруда. Біздің еліміз көрші елге 1 млрд мкВт-қа дейін электр энергиясын экспорттауға дайын. Еліміздің инвестициялық белсенділігі туралы еске салған жөн. Қазақстан 2005 жылдан бастап Қырғызстанға жалпы шамамен 1 млрд. доллар инвестициялады, атап айтқанда, тау-кен және коммуникация саласына елеулі салымдар салынды» дейді Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары.

Санат Көшкімбаевтың сөзіне сенсек, Қазақстан мен Қырғызстан өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша ортақ мүдделер мен ұқсас ұстанымдарды біріктіреді.

Екі мемлекет те Еуразиялық экономикалық одаққа, ШЫҰ-ға мүше, АӨСШК процесінің және осы жылы Қырғызстанда ротация құқығы бойынша өтуі тиіс Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Тұрақты консультативтік кездесулерінің белсенді қатысушылары болып табылады.

Сонымен қатар, қазіргі жағдайда Қазақстан мен Қырғызстанның коронавирустық пандемиямен күрестегі өзара іс-қимылын нығайту аса маңызды.

«Естеріңізге сала кетейін, 2020 жылдың сәуір айында Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев Орталық Азия мемлекеттеріне «мұқтаж елдердің үкіметтері жәрдем сұраған жағдайда» гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. COVID-19 қарсы іс-қимылдағы гуманитарлық көмек шеңберінде Қазақстан 2020 жылы Қырғызстанға азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 5 мың тонна ұн, 16 тонна медициналық жүк, оның ішінде өкпені жасанды желдетудің 400 мобильдік аппараттарының жиынтығы және жалпы құны 389 млн теңге болатын Қазақстанда жасалынған 2 млн медициналық маскасын жіберді. Қырғыз көшбасшысы Садыр Жапаровтың ел Президенті ретіндегі ҚР-ға алғашқы мемлекеттік сапары - Қырғызстанның Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастық пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға бейілділігінің көрсеткіші. Жемісті сапардың қорытындысы бойынша қол жеткізілген екіжақты уағдаластықтар бауырлас мемлекеттердің сауда-экономикалық саладағы, өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту саласындағы өзара тиімді ынтымақтастығына жаңа серпін беретіні сөзсіз» деп түйіндеді Санат Көшкімбаев.


Басты сөздер: Қоғам, Қырғызстан,
Жоғары қарай