Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Сәтбаев қаласында Қарағанды облысындағы алғашқы термос-жылыжай ашылды

2020 жылдың 1 желтоқсан 2020 07:24

СӘТБАЕВ. ҚазАқпарат – Сәтбаев қаласында Қарағанды облысындағы алғашқы термос-жылыжай ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол екі гектар жерде орналасқан. Оның жанында 600 тонна көкөніс қоймасының құрылысы жүріп жатыр. Қала әкімі Асқар Ыдырысов жаңа экотехнологияларға негізделген кешенде болып қайтты.

Жылыжай жер астына топырақтың қату деңгейінен 2,5 метр төмен орналастырылған. Сонымен қатар, құрылым неғұрлым терең орналасса, ондағы температура жыл бойына соғұрлым тұрақты болады. Қыста суық емес, жазда ыстық емес.

Термос-жылыжай екі жыл бойы салынды. Жоба авторы – жеке кәсіпкер Төлеш Омаров. Өндіріс қуаттылығы – жылына 35 тонна көкөніс өндірісін құрайды. Жеті жұмыс орны құрылды.

Кешенде өзінің вермифермасы бар, онда қалдықтар калифорниялық құрттардың көмегімен органикалық тыңайтқыш – биогумусқа айналады.




Жылыжайдың ашылуында қала әкімі Асқар Ыдырысов жобаны жүзеге асыру тек қала үшін ғана емес, облыс үшін де ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерімен халықты үздіксіз қамтамасыз ету және көкөніс бағасын төмендету тұрғысынан әлеуметтік-экономикалық маңызға ие екенін атап өтті.

Кешенде қиярдың алғашқы өнімі алынды, оның бір келісі 450 теңгеден сатылады. Ал қала бойынша олардың орташа құны 600-ден 700 теңгеге дейін.

Әзірге мұнда екі түрлі қияр, қызанақ және көк шөп өсіріледі. Құлпынай өсіру жоспарланып отыр. Эксперимент ретінде оның бірнеше сұрыптары қазан ыдыстарға отырғызылды. Уақыт өте келе банан өсіру көзделуде.




«Біздің атқарып жатқан жұмысымыздың ең басты мақсаты – жылыжай жағдайында өсірілген экологиялық таза өнім өндіру», - деді Төлеш Омаров.

Жобаны «ЭкоОбраз» ҚБ Қазақстанда БҰҰДБ арқылы жүзеге асырылатын Жаһандық Экологиялық Қордың шағын гранттар бағдарламасының қаржылық қолдауымен орындады.








Жоғары қарай