Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Сарапшы: Қасым-Жомарт Тоқаев елдің түйткілді мәселелерімен етене таныс екенін көрсетті

2019 жылдың 23 сәуір 2019 16:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуразия интеграция институтының қызметкері Дәурен Базаров Президент кандидатурасына Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

««Nur Otan» өзінің XIX съезінде партия Төрағасының ұсынысымен Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасы президенттігіне үміткер ретінде бірауыздан мақұлдады. Съезд жұмысына қатысқан 263 делегаттың ішінде қалыс қалғаны жоқ. Осының өзі мүшелерінің саны жағынан да, қоғамға ықпалы жағынан да ең беделді саяси ұйымның ішінде бөліну, жіктелу сияқты жағымсыздықтардың жоқтығын, көзқарастар бірлігі мен ұстанымдар тұтастығы үстемдігін көрсетеді», - деді Дәурен Базаров ҚазАқпарат тілшісіне.

Сарапшының айтуынша, Елбасы өз сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлын өзінің үзеңгілес серігі, әлемдік деңгейдегі жұмыс тәжірибесіне ие дипломат және білімі мен біліктілігі биік, бүгінге дейін атқарған қызметте кәсіби тәжірибесі жеткілікті саясаткер екенін атап өткен.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент ретінде өзінің өңірлерге және көршілес мемлекеттерге жасаған сапарлары мен кадрлық тағайындаулары арқасында халықтың, елдің түйткілді мәселелерімен етене таныс екендігін көрсетіп берді. Сондай-ақ, осы бағыттағы әсерлі жұмысын одан әрі жалғастырады деп сенеміз. Десек те өзге партиялар мен қоғамдық ұйымдар сайлауға қандай үміткерлерді үкілеп отырғандары белгісіз. Сондықтан сайлаушылар өз таңдауын барлық үміткерлер айқындалып, бағдарламалары жарияланғаннан кейін ғана жасайтын болады», - дейді Дәурен Базаров.

Еске сала кетсек, «Nur Otan» партиясы бүгінгі кезектен тыс съезде Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдап, дауыс берген болатын.

Өз кезегінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы президенттік сайлауға кандидат ретінде қатысатынын мәлім етті.

Жоғары қарай