Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Санитарлық талаптарға салғырт қарау аурудың өсуіне әкеп соғады – Смайылов

2022 жылдың 18 қаңтар 2022 09:26

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Санитарлық талаптарға неғұрлым салғырт қараудың соңы аурудың соғұрлым өсуіне әкеп соғатынын адамдар түсінуі керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің бүкіл өңірінде коронавирус инфекциясымен науқастанудың күрт өскені байқалып отыр. Жыл басынан бері індетті жұқтыру деңгейі 21 есеге өсті. Түркістан облысы ғана «сары аймақта», ал қалған өңірдің барлығы «қызыл аймақта». Тәулігіне вирустың ең көп таралу жағдайы - елордада, Алматы қаласында, Қарағанды және Атырау облыстарында тіркеліп отыр. Біз мұндай жағдайдың боларын болжадық, ең бастысы, барлық өңірде эпидемиологиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстау қажет», - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия өңірлерде қосымша шектеу іс-шараларын қабылдады.

Олар нақты орындалуы тиіс.

«Бетперде кию, әлеуметтік арақашықтықты сақтау сияқты негізгі алдын алу шараларын бұлжытпай сақтау керек. Санитарлық талаптарға неғұрлым салғырт қараудың соңы аурудың соғырлым өсуіне әкеп соғатынын адамдар түсінулері керек. Сондықтан мониторингтік топтардың жұмыс қарқынын барынша күшейту қажет. Вирустың таралуын азайту үшін науқастарды дер кезінде оқшаулап, адамдардың көп жиналуына жол берілмеуі тиіс», - деді Премьер-Министр.

Осыған орай ол Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге ауруханаларда қосымша орындар дайындауды тапсырды.

«ПТР-тестілеу деңгейі төмен өңірлерде олардың санын ұлғайту қажет. Әсіресе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында тестілеу аз жасалады. Елордада, Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау, Түркістан, Алматы, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында ревакциналау қарқыны жақсарған жоқ. Демек, бұл мәселеге әкімдер дұрыс қарамай отыр. Сондықтан аталған өңірлер бұл жұмысты тездету керек», - деді Әлихан Смайылов.


Жоғары қарай