Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Самат Нұртаза: Сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» жазуы енгізілуі – демократияның төрі

2021 жылдың 15 қаңтар 2021 13:04

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазудың енгізілуі – демократияның нағыз төрі десе болады, себебі көптеген мемлекетте мұндай пункт жоқ. Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың VII шақырылымындағы Парламент сессиясында сөйлеген сөзіне қатысты саясаттанушы Нұртаза Самат осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының айтқан сөзіне қатысты екі мәселе көңілімнен шықты. Оның біріншісі, Президенттің «Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7%-дан 5%-ға төмендетуіміз керек. Осындай шешімді қабылдайтын уақыт келді, өйткені аталған норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады» деп айтуы. Менің ойымша, бұл – демократияның жемісі. Мұндай шешім Қазақстанның саяси аренасында жаңа партиялардың пайда болуына, қоғамда либерализм мен демократияның пайда болуына себепкер болады. Бұл – бірінші мәселе», - дейді саясаттанушы Самат Нұртаза.

Ол Мемлекет басшысы көтерген мәселелер ішіндегі көңілінен шыққан тағы бір мәселеге тоқталып өтті.

«Екіншіден, Мемлекет басшысы «Біздің басты мақсатымыздың бірі – адам құқықтарын толық қорғау. Бұл ретте, азаматтардың таңдау еркіндігін барынша қамтамасыз ету өте маңызды. Әлемдік тәжірибеде адамның қандай да бір сайлауға келіспейтінін немесе үміткерлердің бәріне қарсы екенін заңды түрде білдіру құқығы кеңінен қалыптасқан. Шын мәнінде, баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс. Сондықтан, барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн. Бұл бастама азаматтардың сайлау құқығын қорғауға жағдай жасайды» деді. Бұл – демократияның нағыз төрі десе болады, себебі көптеген мемлекетте мұндай пункт жоқ. Яғни, не сайлауда әлдебір кандидатты таңдайсың немесе бюллетеньді құртасың. Барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жазудың енгізілуі – мемлекет өзіне қанша адам қарсы екенін анықтап, өз қателігі бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік беретін өте дұрыс шешім. Осы пунктің бар болуы Қазақстан Республикасын барлық демократия мемлекет арасындағы беделін жоғарылатыны сөзсіз», - дейді ол.


Жоғары қарай