Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Салық Зиманов заң ғылымдары докторы дәрежесін алған алғашқы қазақ - Ералы Тоғжанов

2021 жылдың 19 ақпан 2021 11:46

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Салық Зиманов – қазақтың билер сотының теңдесі жоқ институт екенін дәлелдеген ғалым. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Салық Зимановтың100 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен Салық Зимановтың тікелей шәкіртімін. Оның қол астында қызмет істедім. Қазақта «әкенің баласы емес, халықтың баласы бол» деген ақ тілек бар. Салық Зимановтың өмір жолы осы тілектің нақты дәлелі. 1921 жылы өмірге келіп, халқы мен туған жерінің басына түскен барлық қиыншылықты өз басынан өткізген қазақтың біртуар ұлы мектепте аса ұқыптылықпен оқып, еңбек жолын мұғалім болудан бастаған. Соғыста халқы мен Отаны үшін аянбай ерлік көрсетіп, гвардия полковнигі шенін алған. Бейбіт өмірге оралған жас жігіттің жолында Қаныш Сәтбаев сияқты ұлы ғалым кездесіп, 1948 жылдан бастап ғылым жолына аяқ басқан», - дейді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Оның айтуынша, Салық Зиманов 29 жасында Мәскеуде КСРО ғылым академиясының Құқық институтында заң ғылымдары кандидаты дәрежесін, 40 жасында заң ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғаған.

«Ол ұлтымыздың тарихында «Заң ғылымдарының докторы» дәрежесін иеленген алғашқы қазақ десем – артық айтқандық емес. Ол 46 жасында Қазақстан Республикасының ғылым академиясының академигі атағын иеленген. Мұндай атаққа ие болу оны ғылыми ортада мойындалу ғана емес, жалпы қазақ жастарын ғылыми бағытқа, оның ішінде заң ғылымы ортасына алып кіруіне ықпал етті. Осы бағытта ұлттық ғылыми ортаны қалыптастырды. Академик өнегелі өмірінде 200-ге жуық ғылыми еңбек жазып, заң ғылымдарының негізін қалап, өркендеуіне сүбелі үлес қосқан», - дейді ол.

Ол Салық Зиманов қазақтың билер сотының теңдесі жоқ институт екенін дәлелдеген ғалым екенін айтты.

«Ол билер сотына арналған еңбектерінде «қазақтың би, қазылары ешкімге тәуелді болмаған, оларды ешкім сайламаған, төрелік айтатын адамды дауласушылардың өздері таңдап, оның әділ шешіміне жүгінген. Сондықтан билер өз абырой-беделі үшін ешкімге қиянат жасамай, шындықтың жаршысы болған» деген байламды тұжырымда қазақтың билер соты институтының бүгінгі сот жүйесіне үлгі етерлік тұстары көп екендігін ескерткен. Егеменді ел болып, тәуелсіз тарихымызды енді бастаған шағымызда ол «Қазақстан ішкі ұйымдастырылуы бойынша күшті мемлекетке айналуы үшін ондаған жылдар қажет. Ал Президенттік билікті күшейту – күттірмейтін жағдай» деген. Оның ойлары өз өміршеңдігін бүгін дәлелдеді. Салық Зиманов өз өмірін елінің дамуына арнаған азамат. Салық Зиманұлының білім және ғылым саласын басқару мен дамытуға қосқан үлесі мол. Қазақ мемлекеттік униерситетінің заң факультеті, Ұлттық ғылым академиясының филисофия және құқықтық институттарын басқарып, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, отыздан аса ғылым докторы мен кандидатын дайындады. Салық Зиманұлының жетекшілігімен 1999 жылы КСРО мен Ресей Федерациясы Еуропа мемлекеттерінің тәжірибесін ескерген ХХІ ғасыр заңгерін дайындау үлгісін жасады», - дейді Ералы Тоғжанов.


Жоғары қарай