Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 409.19
EUR 461.24
RUB 5.67
CNY 58.26

Салтанат Жамалова: Ірі екі қалада карантин жариялануы — дер кезінде қолға алынған шара

2020 жылдың 23 наурыз 2020 16:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Президент індетпен күрес жүргізіп жатқан медицина, құқық қорғау қызметкерлерінің жалақысына қосымша бір айлық жалақы қосып беру жөнінде тапсырма жүктеді. Бұл біз үшін үлкен мотивация». Бұл туралы Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Салтанат Жамалова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде Қазақстан халқы күрделі ахуалды бастан өткеріп жатыр. Осы орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне аса үлкен сенім мен жауапкершілік артып отыр. Бұл сенім үдесінен шығып, халықтың денсаулығын сақтауды біз абыройлы міндетіміз деп санаймыз. Осы ретте мен барша әріптестерімді абыройлы жұмыс істеуге шақырған болар едім», - дейді ол.

Сондай-ақ, Салтанат Жамалова ірі қалалардың карантинге жабылуын дер кезінде қолға алынған шара деп бағалайтынын айтты: «Мемлекет басшысы бүгінгі мәлімдемесінде бірінші мәселе ретінде- коронавирустың таралуына қарсы жұмыстарды күшейтуді атап өтті. Өйткені жаһандық індетке баланып отырған дерттің таралу аумағы кеңейіп, ушығып барады. Қазірдің өзінде бүкіл әлем бойынша бұл дертке жүз мыңдаған астам адам шалдығып отыр. Бұл вирустың таралу жылдамдығы бәсеңдемей отыр деген сөз. Бір қуанарлығы, біздің мемлекет індетпен күрес жұмыстарын мықтап қолға алып, бірқатар нақты шектеулерді жолға қойды. Ірі-ірі екі қаламызда карантин жарияланып, кіріп-шығу шектетілді. Мұны дер кезінде қолға алынған шаралар деп есептейміз».

Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының міндетін атқарушы осынау қиын күнде аурумен майданның алдыңғы шебінде жүрген мамандарды қолдаудың да маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінгі сөзінде президентіміз індетпен күрес жүргізіп жатқан медицина, құқық қорғау қызметкерлерінің жалақысына қосымша бір айлық жалақы қосып беру жөнінде тапсырма жүктеді. Бұл біз үшін үлкен мотивация екені даусыз. Ең бастысы жалақы емес, халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі деп есептейміз», - деді ол.


Жоғары қарай