Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Сағынтаев Наурызбай ауданының даму динамикасын төмендетпеуді тапсырды

2021 жылдың 17 маусым 2021 10:03

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Наурызбай ауданындағы әлеуметтік, инженерлік нысандар, жол құрылысы мен қоғамдық кеңістіктердің абаттандырылуын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа Алматының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. «Таусамалы» мен «Ақжар» шағын аудандарында 120 орындық балабақшалардың құрылысы аяқталды. Қазір жиһаздар мен жабдықтарды орнату жұмыстары жалғасуда.

Қала әкімі «Ақжар» шағын ауданындағы балабақшаға инженерлік коммуникацияларды қосуды 10 шілдеге дейін аяқтауды тапсырды.

Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев аталған ықшам ауданда салынып жатқан Upstream Zerek school жеке мектебінде болды. 140 бастауыш сынып оқушыларына арналған оқу орны заманауи стандарттарға сай бой көтеруде.




Мегаполис әкімі №15 мектеп-интернатты күрделі жөндеуден өткізу жоспарларымен танысты. Бақытжан Сағынтаев іргелес аумақты абаттандыру және 4 га алаңға сквер жасау жобасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, «Тастыбұлақ» шағын ауданында аумағы 3,1 га болатын бос жер учаскесін игеру бойынша жоба әзірленеді.

Мұнда денешынықтыру-сауықтыру орталығын, заманауи кітапхана салу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жоспарлануда. Осылайша, қараусыз қалған аумақ өзгеріп, Наурызбай ауданы тұрғындары демалатын жаңа тартымды орынға айналмақ.

Қала әкімі Nur Otan партиясы аудандық филиалы ғимаратының құрылыс алаңында болды және бұрынғы қан орталығының аумағын аралады. Оның тапсырмасы бойынша мұнда психологиялық дамуы төмен балаларға арналған коррекциялық орталық пен әлеуметтік музыкалық мектеп салу жобалары әзірленеді.




«Тастыбұлақ» шағын ауданында жол салуға дайындық жүруде. Бұрындары мұнда 32,6 шақырым инженерлік және 10,4 шақырым су бұру желілері тартылған болатын. 12,8 шақырым көшеге асфальт төсеу көзделген.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевпен кездесу барысында жергілікті белсенді тұрғындар төрт көшеге тартылған инженерлік желілердегі жұмыс сапасын тексеруге ниет білдірді.

Қала әкімінің тапсырмасы бойынша «Алматы су» мамандары тұрғындармен бірге қосымша тексерулер жүргізеді. Осыдан кейін мердігер жолдарды қалпына келтіруге кіріседі. Асфальт төсеуді күзге дейін аяқтау міндеті қойылды.

«Аlmaty Business-2025» бағдарламасына сәйкес шағын өндірістік парктердегі қолжетімді өндіріс алаңдарын ұсыну арқылы ШОБ қолдау көрсетілуде.

Былтыр Наурызбай ауданында алаңы 4 мың шаршы метрді құрайтын Ala Estate паркі ашылды. Қазір мұнда жиһаз, кондитерлік және галантереялық, кеңсе тауарларын, бетперделер мен тамақ орамаларын шығаратын 9 зауыт жұмыс істейді. 120 тұрақты жұмыс орны құрылды.

Кәсіпкерлер шаһар бпсшысына алаңдарды жалға алу шарттарының қолжетімді екенін және оның қысқа мерзімде сұранысқа ие өнімдер шығаруға мүмкіндік беретінін айтты. «Аlmaty Finance» және «MФО Almaty» ЖШС жылдық мөлшерлемесі 2%-дық қолжетімді несие алу арқылы өндірісті кеңейтуге болады. Өткен жылы Ala Estate шағын өндірістік паркіне қатысушылар 120 миллион теңгенің өнімін шығарды.

Алматы әкімі шетелдік инвесторлар мен технологияларды тарта отырып, 300 жұмыс орнын құру жоспарланған тоқыма фабрикасы құрылысының жобасымен танысты.




Бақытжан Сағынтаев «Қарағалы» шағын ауданындағы Тәжиев көшесінің бойындағы жаңа көпірді және «Қарғалы» су тазарту стансасының құрылыс барысын тексерді. Қала әкімі нысанды жобада көрсетілген мерзімде тапсыруды тапсырды.

Жұмыс сапары кезінде мегаполис әкімі қазіргі кезде Жандосов көшесінің бойында құрылысы басталған жаңа жаяу жүргіншілер аймағындағы шағын архитектуралық пішіндерді мен жарық шамдарын да көрді. Бақытжан Сағынтаев жайлы орындықтар мен заманауи жарық құрылғыларын орнатуды тапсырды.

Сонымен қатар, Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша аудан әкімдігінің алдында 4,5 га аумақта заманауи демалыс саябағы жасалатын болады.

Ауданда қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру мақсатында «Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында 50 жоба жүзеге асырылуда.

Биыл балалар мен спорт алаңдарын, тротуарларды, серуендеу аймақтарын, көшелер мен саябақтарды, сондай-ақ «Тастыбұлақ» және «Қалқаман» шағын аудандарындағы арық желілері мен өзен арналарын жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады








Жоғары қарай