Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 29 °С
валюта бағамы
USD 409.19
EUR 461.24
RUB 5.67
CNY 58.26

Сағынтаев коронавирус тіркелген жағдайдағы қала тіршілігін қамтамасыз ету алгоритмін жасауды тапсырды

2020 жылдың 11 наурыз 2020 22:07

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат –Бақытжан Сағынтаев коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі өңірлік штабтың отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиын барысында әкім орынбасары - штаб басшысы Ержан Бабақұмаров, қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев, Көліктегі тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті басқармасының басшысы Нұрлан Доғалбаевтың есебі тыңдалды.

Уәкілетті орган өкілдерінің айтуынша, қазір қалада коронавирус жұқпасы жоқ.

Бүгінде қалада 490 адам карантинге алынған. Олардың 407-сі үйлерінде оқшауланса, қалғаны түрлі медициналық мекемелерінде стационарда жатыр.

Карантиндегі тұлғалардың ешқайсысында катаралды белгілер білінбейді.

Осы жұқпаның алдын алу мақсатында індетке қарсы профилактикалық шаралар кешені қолға алынды.

Қала әкімі азаматтарды диагностикалық тестілеу өткізу мүмкіндігін кеңейту, үй карантинінде жатқан азаматтардың денсаулығын бақылап отырған мекеме қызметкерлерінің жұмысын жақсарту керектігін айтты.

Сонымен қатар, биліктің эпидемияға қарсы қолға алған шаралары жайлы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды.

Жиынды қорытындылай келе Бақытжан Сағынтаев коронавирус тіркелген жағдайда қаланың тіршілігін қамтамасыз ету алгоритмін жасауды бұйырды.


Жоғары қарай