Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Сағатына 260 км жылдамдықпен қашқан: Полицейлер көлік ұрысын жарты сағат қуған

2020 жылдың 16 қыркүйек 2020 00:38

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында өзгенің көлігін ұрлаған күдікті полицейлерден қашып, түрлі айла жасаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 қыркүйекте сағат түнгі 01:00 шамасында Қарасай ауданы полициясының кезекші бөліміне 27 жастағы ер адам телефон шалып, Қайнар ауылында белгісіз біреу «Toyota Camry» маркалы көлігін ұрлап кеткені туралы арызданған. Көлік құралын заңсыз иелену фактісі бойынша әкімшілік өндіріс қозғалды (ҚР ҚК 200-бабы 1-бөлігі).

Хабарламаны алған «№ 190 борт» экипажы – патрульдік қызмет ротасының инспекторлары полиция лейтенанты Есбол Ниязбаев пен полиция лейтенанты Әділет Байқадыров «Ұстау» жоспары бойынша «Алматы-Бішкек» автожолына аттанған. Олар рация арқылы қолды болған көліктің қашып келе жатқанын біліп, оның қозғалыс бағытында жасанды жол кептелісін жасаған.



Ұрланған автокөлік өте жоғары жылдамдықпен қозғалып, полицейлердің тоқтау туралы талабын елеместен, күдікті көлікті бірден лейтенант Е.Ниязбаевқа қарай бағыттаған. Ол өзінің ептілігі мен шапшаңдығының арқасында жол шетіне секіріп, көлік соққысынан қашып үлгерген. Күдікті қуғыншылардан қара үзіп кетуі үшін түрлі маневрлер жасаған: жол шетіндегі бордюрлерден секіріп, жолдың қарсы бағытына шыққан, жасанды кедергілерден айналып өту үшін жолсыз даламен жүрген. Оның көлігі кей сәтте сағатына 260 км астам жылдамдықпен қозғалған.

36 минуттық экстремалды жүрістен кейін № 199 экипаждың жанар-жағар майы таусылуға жақындаған. Қылмыскердің ізіне түскен өзге көліктердің алыста қалғанын ескере отырып, ержүрек полицейлер қылмыскерді жіберіп алмау үшін күдіктінің көлігін қағып тоқтатуға шешім қабылдайды. Жүргізуші лейтенант А.Байқадыров жолды жақсы білетінін пайдаланып, КамАЗ-ды басып озғаннан кейін, күдікті мінген көлікті бетонды қоршауға қарай ығыстырған. Сонда да бой бермеген жүргізуші қашуға тырысып, газды басқан. Бірақ қысылған көлік дөңгелегі бір орнында айналып қала берген.

Оның жолында тұрған лейтенант Е.Ниязбаев табельдік қаруынан аспанға үш рет ескерту оғын атқан. Бірақ қылмыскер полицейлердің талаптарын елемей, есіктерді жауып, із жасыруға әрекет еткен. Е. Ниязбаев жүргізуші жағынан әйнекті аяғымен сындырған. Тәртіп сақшылары қарсылық көрсеткен оны терезе арқылы далаға шығарған. Жерге жатқызып, қолдарына кісен салды.

Ұсталған азаматтың ішімдікке масаң күйдегі Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылының 28 жастағы тұрғыны екені және бұған дейін бірнеше рет сотталғаны белгілі болды. Ол кісі өлтіру, зорлау, тонау, алаяқтық және ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Күдіктінің қасында ұрланған көлікте Алматы қаласының 30 жастағы тұрғыны болған, ол рульде отырған адамның құрбысы екенін айтқан. Ол ұрлық туралы білмеген және көлікті тоқтатуды өтінгенімен, оны тыңдамаған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол ұрлық, белсенді қарсылық және полиция қызметкерлерінің өміріне қастандық жасау деректері бойынша заң алдында жауап беретін болады.

Жоғары қарай