Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -11 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Рымғали Нұрғалиұлы - «Абай» энциклопедиясы арқылы тұңғыш тұлғалық энциклопедияның негізін қалаушы

2020 жылдың 30 қазан 2020 01:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Абайдың өмірі мен ақындық жолына арналған энциклопедия көлемді де күрделі еңбек. Энциклопедия Қазақстан үкіметінің 1990 жылдың 22 ақпандағы «Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың туғанына 150 жыл толуына әзірлік және оны өткізу туралы» қаулысына сәйкес шығарылған болатын.

Энциклопедияға жинақталған материалдарда ақынның төл шығармалары мен аударма туындыларына, қара сөздері мен тарихи-зерттеу мақалаларына жан-жақты талдау жасалған. Ұлы ойшылдың философиялық, әлеуметтік, діни, психологиялық, педогогиклық, эконономикалық, этикалық және эстететикалық көзқарастары мен дүниетанымына кең орын берілген. Абайдың өмір жолы мен ортасы, ұстаздары мен шәкірттері, ата-тегі, кейінгі ұрпақтары, шығармаларында аталатын жер-су атаулары мен есімдер туралы мағлұматтар да мол. Энциклопедияда ақын шығармалары тақырыбында күрделі зерттеулер жүргізген ғалымдар, оның өлеңдерін аударған шетелдіктер туралы да деректер бар. Ақынның әр жылдары жарық көрген басылымдары мен Абай туралы жеке ғылыми –зерттеу еңбектеріне қысқаша анықтама берілген.

«Қазақ энциклопедиясы» әзірлеген кітап - Қазақстан тана емес, бүкіл Орта Азия республикалары тарихында алғаш шығарылған жеке мәдениет, әдебиет кайраткеріне арналған бірінші энциклопедиялык басылым болып тарихқа енді. Кітапты әзірлеуге 200–ге тарта республикамыздың ғалымдары мен көрнекті абайтанушылар, шетелдік авторлар қатысты. Абай энциклопедиясының авторлары мен шығарушылардың бір тобына Зәки Ахметов, Мекемтас Мырзахметов, Рәбиға Сыздықова, Мұхтар Құл-Мұхаммедке 1996 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Таралымы жүз мың дана, жүз жиырма есептік баспа табақпен шыққан энциклопедиялық басылымның Бас редакторы филология ғылымының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, қазақ театртанушы және театр сынының негізін қалаушы, жазушы, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері Рымғали Нұрғалиұлы болды.





Көрнекті әдебиеттанушы ғалым энциклопедияны қалай дайындағандары туралы жазбасында Бас редактор Рымғали Нұрғалиұлы былайша алғы сөз жазған: «Халқымыздың ұлы ақыны және ойшылы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының өмірі мен ақындық жолына жан-жақты шолу жасап, әдеби мұрасын ғылыми тұрғыдан талдауды мақсат еттік. Осы оймен ақынға қатысты атауларды мейілінше мол қамтуды кездеп, алфавит сөзтізбені жасамас бұрын, оған енгізілетін атауларды іштей шартты түрде мынадай тақырыптар бойынша жинақтадық: 1) Ақын шығармалары; 2) Абай шығармаларының кейіпкерлері 3) Абай және әдебиеттану ғылымы; 4) Абай және тіл білімі ғылымы; 5) Абай және Шығыс әдебиеті; 6) Абай және Батыс әдебиеті, 7) Абай және орыс әдебиетi; 8) Абай және туысқан халықтар әдебиеті; 9) Ақынның дүниетанымы, көзқарастары; 10) Абай және өнер; 11) Абай өскен орта; 12) Абай шығармаларындағы географиялық атаулар; 13) Абай шығармаларының басылымдары; 14) Баспасөз жене Абай зерттеушілер; 15) Абай сыйлығынын лауреаттары. Осы негізгі тақырыптар бойынша жинақталган сөзтізбе Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының ғылыми институттары мен республиканың Жоғары оқу орындарына, абайтану мәселелерімен айналасып жүрген белгілi ғалымдарға, әдебиет, тіл мамандарына, жазушы - журналистерге, тарихшы-этнографтарға, өнер қайраткерлеріне, композиторлар мен музыка зерттеушілерге үлестіріліп бepiліп, талқылаудан өткізілді. Мазмұндық жағынан кеңейтіле түскен сөзтізбе Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясының арнайы отырысында қаралып, бекітілді. Сөйтіп, болашақ энциклопедияның сөзтізбесіне 2 мыңға тарта атау енгізілді. «Абай» энциклопедиясының авторлары негізінен абайтану мәселелерімен айналысып жүрген белгілі ғалымдар, зерттеушілер, жазушылар, журналистер. Өнердің сала-саласы бойынша ақын мұрасын зерттеп жүрген бүгінгі ғалымдармен қоса, кезінде абайтану ғылымына белгілі дәрежеде үлес қосып, ақын мұрасы жайлы алғаш тұжырымды пікір айтқан, дүниеден өткен марқұм Мұхтар Әуезовтен бастап, Құдайберген Жұбанов, Әлкей Марғұлан, Ахмет Жұбанов, Қажым Жұмалиев, Бейсенбай Кенжебаев, Тәкен Әлімқұлов, А. Нұрқатов, Ә. Жиреншин. К. Өмірәлиев т. б. мақалаларын да пайдаландық. Бұл ғалымдар материалдарының өз уақытына тән тіл мен стильдік ерекшеліктерін сол қалпында сақтадық».

Биылғы Абайдың 175 жылы аясында осы «Абай» энциклопедиясының Бас редакторы болған марқұм, белгілі ғалым Рымғали Нұрғалиұлына өзі туып өскен Абай ауданында ескерткіш бюст орнатылды. Рымғали Нұрғали - ұлттық әдебиеттанудың сапалық тұрғыдан биік деңгейге көтерілуіне зор үлес қосқан тұлға. Оның «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» атты зерттеуі әдебиеттің жүз жылдық келбетін тұтас күйінде зерделететін елеулі еңбек. Осы орайда ұлағатты ұстаздың тәлімін көрген азаматтардың естелік пікірлерін оқырмандар назарына ұсынуды парыз санадық.


Мұхтар Құл-Мұхаммед

ҚР Парламент Сенатының депутаты, академик

Рымғали Нұрғали - жаңа замандағы ренессанстық тұлға. Осы Еуразия ұлттық университеті атын иемденген Гумилев бір адамның суырылып алға шықан үрдісін «пассионарлық» деп атаған. Ол адам қоғамның үлкен интеллектуалдық күштерін өзімен бірге ертіп әкетеді. Оның артынан өркениеттің дүмпуі орын алады. Егер біз ежелгі Мысырдың, я болмаса, көне Қытайдың тарихын алып қарасақ, ондай қоғамдық құбылыстарды көптеп көре аламыз. Мысалы, Эсхилдың, Еврипидтің, Софоклдың трагедиялары бүкіл драмматургияны, оның ішінде трагедия жанрын адам баласы бұрын-соңды білмеген биігіне көтерді. Әлі күнге дейін олардың шығармалары әлемнің ең үздік театрларында адамзат ақыл-ойының асыл қазынасы ретінде қойылып жүр. Міне, сол сияқты қазақтың ақыл-ойында осындай үлкен қозғалысты жасаған ұлы Абай болды. Сол Абайдың туған топырағында Рымғали Нұрғали дүниеге келген. Оның феноменін және ренессанстық тұлға ретіндегі құпиясын осы топырақтан іздеу қажет.


Т.В. Кривощапова, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры

Рымғали Нұрғали - 80-90 жылдардағы әдебиеттегі «ақтаңдақтарға» қатысты мақалалары тың ғылыми-теориялық тұжырымдамаларымен, өміршең ой-пікірлерімен бағдарлық сипат алды. Кезінде қайта түлеген ой-сана көшін бастаған осы зерттеулер ұрпаққа ұлағаттық жол көрсеткен әдебиеттегі ұлттық рухтың көркемдік қуатын тану мен таныту болатын. Бұл ұстанымға ол үлкен дайындықпен келді. Ғалым бұрынғы зерттеулеріндегі ХХ ғасыр әдебиетіне қатыстысын іріктеп алып, әдебиеттегі рухани үндестікті, идеялық бірлікті, сан қилы көркемдік әдіс-тәсілдер мен ағым-бағыттар тоғысын саралау арқылы ғасырлық әдебиеттің ұлттық келбетін айқындап берді. «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» атты зерттеу еңбегі – қазақ әдебиетінің «ақтаңдағына» айналған ақын-жазушылар шығармашылығын уақыт талабына сай танытқан жоба, ХХ ғасыр әдебиеті көрнекті тұлғаларының әдеби мұраларын тұтас бір көркемдік құбылыс ретінде қарау концепциясын ұсынған күрделі зерттеу.

Сонымен қатар ол М.Әуезов шығармашылығының алғашқы кезеңдерін, ұлы қаламгердің драматургиясын монографиялық тұрғыдан зерттеген. Қазақтың алғашқы режиссері, көрнекті драматург Ж.Шанин мұрасын жан-жақты танытты, 20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті ұжымдық монографиясына (1997) автор болды. «Абай» энциклопедиясының бас редакторы, 11 - сыныпқа арналған Қазақ әдебиеті оқулығының авторларының бірі. «Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедия», «Ол кім? Бұл не? Шәкірт энциклопедиясы», «Ислам», «Абай», «Философиялық сөздік», «Әлемде талай қызық бар», «Боздақтар. Естеліктер кітабы» сияқты энциклопедиялар мен сериялардың, жобалардың, әдебиет пен өнер, эстетика мен театр мәселелерін сөз ететін көптеген эссе, портрет, шолу, мақалалар циклінің авторы.


Құныпия Алпысбаев

Еуразия ұлттық университетінің профессоры

Ұлттың ұлағатын, халықтың кісілік келбетін айқындайтын құндылықтарды еркін меңгерген ерен тұлғалар қатарында тұрған даралардың бірі академик Рымғали Нұрғали еді. «Ең алдымен сөз болған!» дейтін ұғымды ұстансақ – әдебиет атты ұлы болмыстың адамзат ғұмырындағы ардақты орнын, арда тұлғасын бағамдаймыз. Осы бір күрделі жаратылыстың «жан дүниесін», «архитектоникасын» бірегей білімділікпен зерттеп-зерделеу саласы өзгеше бір әлем екенін түсінеміз. Мүмкін бұл – ағартушы, ұстаз, тәлімгер дейтін текті атаулардың алғы мұраттарымен астасып жатқан әлем шығар...

Бүгінгі уақыт талабына, тәуелсіздік тұғырына, демократия принциптеріне сәйкес идея, пікір айтуға сонау тоқырау, саясат бұғауы үстемдік етіп тұрған кезеңнің өзінде Рымғали Нұрғалидың батыл қадам жасағанын көреміз. Әсіресе, оның ғылыми объектісінің ең күрделі, маңызды, арналы саласына айналған М.Әуезов өміріне, творчествосына қатысты, классик жазушының тұңғыш романы «Қилы заманның» зерттелу, жарық көру тарихына байланысты келтірілген деректер жылдар қатпарында қалған қызық қиырларға жетелейді.

Ол әрқашанда, татымсыз таластар мен тәлейсіз тартыстардан, дәрегейсіз даулар мен сын көтермес сыпсыңдардан биік тұратын тұлға еді. Кешегі «жау» атанған жарық жұлдыздардың інжу-маржандарын тарих тозаңдарынан аршып, бүгінгі ұрпақтың ұлағат танымына айналдыруының төте жолдарын іздейтін. Жас кезінен жанына жебеу болған, жаратылысына демеу болған арыстардың, Абайдан арқау тартып Әуезовке ноқта басын ұстатып кеткен кемелдіктеріне сүйінетін, сүйініп жүріп олардың рухтарының құпиясына үңіле беретін.

«Алаш» ұранымен ұштасқан ұстаздық ұлағаты мен тәлімгерлік тәрбиесі өз биігінен аласармаған қалпында санада сайрап жатыр, ол – «академик Рымғали Нұрғали ізі» деп аталады. Қазақ энциклопедиясын басқару барысында ұлт мүддесін көздейтін, ұрпақ игілігіне қызмет ететін сан алуан озық идеялардың, байсалды бастамалардың ұйтқысы болып, олардың жүзеге асуы жолында барынша тер төгіп, ерекше мол қажыр-қайраты мен телегей теңіз білімін молынан жұмсады. Тұңғыш рет құрастырылған Ұлттық энциклопедия басылымдарын, ғылыми теориялық тұрғыдан алып қарасақ, жаңа да биік деңгейге көтерді. Профессор Рымғали Нұрғалидың бас редакторлығы кезінде «Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедия», «Ол кім? Бұл не?», «Шәкірт энциклопедиясы», «Шаңырақ», «Свод памятников истории и культуры Казахстана», «Ислам», «Философиялық сөздік», энциклопедиялық принциппен жасалған «Айқап», Әлихан Бөкейхан «Таңдамалы», «Әлемде талай қызық бар» тәрізді дүниетанымдық мәні зор еңбектердің шоғыр-шоғырымен дүниеге келуі – сол соны да, тың бастамалардың іске асуының жарқын көрінісі. Ол «Абай» энциклопедиясы арқылы қазақ тіліндегі тұңғыш тұлғалық энциклопедияның негізін қалады.

Рекеңнің ғалымдық дарыны қандай биіктен көрінсе, оның ұстаздық шеберлігі де сол биіктен табылатын.

Әшірбек Көпіш

Жазушы

Бүгінгі уақыт талабына, тәуелсіздік тұғырына, демократия принциптеріне сәйкес идея, пікір айтуға сонау тоқырау, саясат бұғауы үстемдік етіп тұрған кезеңнің өзінде Рымғали Нұрғалидың батыл қадам жасағанына көз жеткізуге болады. Әсіресе, оның ғылыми обектісінің ең күрделі, маңызды, арналы саласына айналған Мұхтар Әуезов өміріне, творчествосына қатысты, оның тұңғыш романы «Қилы заманның» зерттелу, жарық көру тарихына байланысты деректер жылдар қатпарында қалған қызық қиырларға жетелейді.

Ол бұған дейін біз оқып-танысып келген әдебиеттегі процестерге мүлде жаңа көзқарастар жүйесін әкелді. Оның лекция кезіндегі шын мәніндегі ревоюциялық талдаулары, қайдағы бір кітаптардан жазып алып келген үзінділері мен заманға қарама-қайшы келетін логикалық дәлелдері, адам мен уақыт арасындағы бірлік пен қарама-қарсылық күресінен пайда болған ақын-жазушылардың шығармаларын жаңаша бағалай білуі бұрын-соңды естіп, батылымыз жетіп ойлап көрмеген дүниелер еді! Кеңестік қазақ әдебиеті туралы айта отырып, ол туысқан халықтар әдебиетіне, орыс және батыс әдебиетіне, тіпті дүниежүзі халықтарының шығармаларына еркін қанат жайып шыға келетін. Тіпті, Абайдың арғы жағын тіреп тұрған қазақ ақындарын көне грек ойшылдарымен, Шығыс ғұламаларын Египет пирамидаларымен салыстырып оқыған лекциялары қазір де есімізде тұр.

Серікзат Дүйсенғазы, ақын,

филология ғылымдарының кандидаты

Адамды өмір жолында биікке жетелейтін ата-анадан кейін ең ұлық адам ұстаз екені ақиқат. Сол жолда тағдыр маған мықты ұстаз жолықтырды. Ол алты Алашқа аты мәлім – академик Рымғали Нұрғали.

Қазақ әдебиеттану, әдеби сын саласында өзіндік стильдік өрнек қалыптастырған ұлы тұлғалардың бірі ҚР ҰҒА академигі, ҚР Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның ғылымы мен техникасына еңбегі сіңген қайраткер. Ұстазбен алғаш жолыққан сәтімнен бастап өмірінің соңына дейін қасында жүрген кездерім әлі күнге дейін көз алдымда.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жоғары курсында оқып жүрген кезіміз еді. Оқу жылы басталған күні топ болып сабақ кестесімен танысып жатырмыз. Кестемен таныстырып тұрған топ старостасы бізге «Алаш ұранды әдебиет» пәнінен ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Рымғали Нұрғали дәріс оқитынын айтты. Атын мектепте оқып жүрген кезімде энциклопеяның алғашқы бетінен ғана оқитын әйгілі ғалым дәрісін тыңдаймын деген үш ұйықтасам ойыма кірмеген жайт еді. Шынымды айтсам, ол кісінің сабағы болатын күнді асыға күттім. Содан алдыңғы сабақ бітіп, М.Әуезов атындағы дәрісханада келесі дәрістің басталуын күтіп отырғанбыз. Қасымдағы курстастарыммен алдағы болатын сабақтарды талқылап даурығуымыз қыза түскен еді. Бір қыздың «Ағай келе жатыр» деген дауысы саңқ етті де, дабырлап отырған студенттер тым-тырыс бола қалды. Қарасам, есіктен шашын артына қарай қайырған, атжақты, ашаң жүзді, арықша келген ұзынша бойлы оқытушы кіріп келе жатыр екен. Мен үшін бала күнімнен суретінен таныс адам көзіме оттай басылды. Ал, ағайымыз кірді де шұқшиып түгендеп жатпастан дәрісін бастап кетті. Байқағаным, дәріс оқыған кезде біртіндеп бастап, ары қарай бауырын жаза шапқан тұлпарларша көсіліп кете береді екен. Алаш қайраткерлері туралы көл-көсір деректер, неше түрлі біз естімеген тың жаңалықтар профессордың аузынан алтын қазынадай төгіліп жатты. Білімі ұшан-теңіз, орта ғасырлардағы отауыз шешендердей шешіліп сөйлейтін, аудиторияны ұршықша иіретін оқытушыны тобымызбен қатты жақсы көріп кеттік. Бәріміздің ол кісіге деген құрметіміз де ерекше болды. Бірақ ол кезде мен келешек өмірімнің осы ағаймен тікелей байланыста болатынын білген жоқ едім. Бұл әдебиет теоретигі, алаштанушы ғалым Рымғали Нұрғали болатын.

Биыл туған жері Қайнарда сексен жылдығына орай ескерткіш-бюсті ашылды. Семейдегі Шәкәрім атындағы университетте өткен республикалық конференцияға және бюсттің ашылуына Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың тапсырмасымен бір топ делегация барып қайттық. Делегация құрамында ағайдың ең алғашқы шәкірті, профессор Құныпия Алпысбаев, шәкірттері, профессорлар Рақымжан Тұрысбек, Жанат Әскербекқызы, Қарлығаш Сарекенова, ақын Дәулеткерей Кәпұлы барды. Ол бір есте қалатын керемет сапар болды. Осы шараларды ұйымдастырған «Абыралы - Дегелең» қорының президенті, меценат Марат Құрманбаевқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Міржақып Дулатовтың Абайға арнап айтқанындай, Ардакүрең ұстазымның қайтыс болған күні бізден қаншалықты алыстаған сайын рухы соншалықты жақындай беретініне көзім жетіп келеді. Ағайдың ақылын, әзілдеп тиіспесе жүре алмайтын дауысын сағынамыз. Ол мәңгілік сағынышқа айналғанына да он жылдан асыпты.


Автор Махат Садық
Басты сөздер: #Аbai175, Қазақстан тарихы,
Жоғары қарай