Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ролан Гаррос турниріне қазақстандықтардан кімдердің қатысатыны анықталды

2022 жылдың 15 мамыр 2022 16:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ертең Парижде биылғы екінші «Үлкен дулыға» жарысы - Ролан Гаррос турнирінің іріктеу сайыстары басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, негізгі додада әйелдер арасында Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева, ерлерден Александр Бублик өнер көрсетеді.

Жұптық сында Андрей Голубев, Анна Данилина, Александр Недовесов, сондай-ақ А.Бублик пен Е.Рыбакина бақ сынайды.

Өткен жылы осы жарыста А.Голубев пен А.Бублик финалға дейін жетіп, франциялықтар Николя Маю - Пьер-Юг Эрберге есе жіберген еді - 6:4, 6:7 (1:7), 4:6. Е.Рыбакина да сәтті ойнап, ресейлік Анастасия Павлюченковамен бірге ширек финалға дейін жеткен болатын. Елена жекелей сында ширек финалда А.Павлюченковадан ұтылды - 7:6 (7:2), 2:6, 7:9.

Юлия Путинцева спорттық жолында екі рет ширек финалға дейін жетті.

Іріктеу сайыстарына Зарина Дияс, Дмитрий Попко және Тимофей Скатов қатысады. Жарақатынан емделіп жатқан Михаил Кукушкиннің қатысу-қатыспауы белгісіз.

Биылғы Ролан Гаррос турнирінің жалпы жүлде қоры - 43,6 млн еуро. Бірінші айналымда жеңіліс тапқандар 62 мың, чемпиондар 2,2 млн-ға дейін еуро табыс табады.

Негізгі жарыс матчтары 22 мамырда басталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Андрей Голубевтің Рим мастерс турнирінің финалына шыға алмай қалғанын, Шымкентте челленджер жарысы басталғанын жазған болатынбыз.


Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай