Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Рио-де-Жанейро коронавирусқа байланысты карнавалдан бас тартты

2021 жылдың 22 қаңтар 2021 16:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат. – Рио-де-Жанейро билігі жыл сайын өтетін әйгілі карнавалдан бас тартты. Бұл туралы қала мэрі Едуарду Паист өзінің Twitter парақшасында жазды,деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қыркүйек айында Рио-де-Жанейродағы карнавалды ұйымдастырушылар коронавирус жағдайына байланысты оны 2021 жылдың ақпан айында өткізуден бас тартқан болатын. Ал қарашада самба мектептерінің лигасы халықты вакцинациялауда жетістіктер болса, шараны шілде айында өткізуді ұсынған еді.

«Мен карнавалға деген құштарлығымды еш жасырған емеспін және осы мәдени шараның қаламыз үшін экономикалық маңыздылығы туралы көзқарасымды да айтқан болатынмын. Алайда қазір карнавалды шілде айында өткіземіз деп ойлаудың мағынасы жоқ», – деп жазды Пейс.

Рио-де-Жанейро мэрінің айтуынша, мереке үлкен дайындықты қажет етеді, ал бұл қазіргі кезде мүмкін емес.

«Әрине, 2022 жылы біз (барлығымыз тиісті түрде вакцинацияланғанда) мәдениетімізді өзімізге лайық деңгейде жоғары қарқынмен атап өтетін боламыз», – деп қосты мэр.

Риодағы карнавал – самба мектептерінің салтанатты шеруі, оның барысында әр мектеп түрлі сюжеттерді сахналайды. Мереке чемпиондардың шеруімен аяқталады. Карнавал кезінде сұлулық конкурстары, маскарадтар мен костюмдер конкурстары да өткізіледі.

Айта кеткен жөн, Бразилия – COVID-19 пандемиясына ең көп ұшыраған мемлекеттердің бірі. Соңғы мәліметтер бойынша елде коронавирусты жұқтырудың 8 697 368 жағдайы тіркелді, 214 147 адам қайтыс болды.


Басты сөздер: Әлем, Коронавирус, Мәдениет,
Жоғары қарай