Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Республика соттары 10-11 қаңтарда сайлау істері бойынша 2 өтінішті қарады - Жоғарғы сот

2021 жылдың 11 қаңтар 2021 22:36

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Республика соттары 10-11 қаңтарда сайлау істері бойынша барлығы 2 өтінішті қарады. Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында ҚР Жоғарғы сотының баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, республика соттары 2021 жылдың 10-11 қаңтарында учаскелік сайлау комиссияларының (УСК) шешімдері мен әрекеттеріне шағымдануға қатысты 2 өтінішті мәні бойынша қарап, шешім қабылдады. Екі істі де Алматы соттары қарады.

«Тәуелсіз байқаушылар» қоғамдық бірлестігі Медеу аудандық сотына жүгіне отырып, бақылаушысын тіркеуден бас тартқаны және сайлау учаскесіне кіруге рұқсат бермегені үшін УСК-нің әрекетін заңсыз деп тануды және бақылаушы ретінде тіркеуге міндеттеуді сұрады.

«Сайлау туралы» заң бақылаушыдан өкілеттігін жазбаша растауды талап етеді. Бұл құжат байқаушының тегін, атын, әкесінің атын көрсете отырып ұсынған ұйымның мөрімен бекітілуі тиіс. Бұған қоса, байқаушы жеке куәлігін көрсетуге міндетті. Осы талаптардың барлығын байқаушы болуға тілек білдірген тұлға орындамаған. Сол себепті сот қоғамдық бірлестіктің талаптарын қанағаттандырудан бас тартты.

Дәл осындай өтінішпен №2 Алмалы аудандық сотына «Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі» қоғамдық қорының өкілдері де жүгінді. Онда қоғамдық қор өз өкілінің сайлау учаскесінің ғимаратында бос орындардың болмауына байланысты бақылаушы ретінде кіргізілмегендігін атап көрсеткен. Қоғамдық қор санитарлық талаптарды сақтауға байланысты сілтемелерді негізсіз деп есептеді.

УСК өкілі сайлау учаскесінің ғимаратындағы байқаушыларға бөлінген орынның босағанын күте тұру туралы өтінішті оны кіргізуден және тіркеуден бас тарту болып табылмайтындығын атап өтті.

Сот анықтағандай, УСК ғимаратында қоғамдық байқаушыларға бөлінген орындар санитарлық нормалар мен COVID-19-дың таралуының алдын алу жөніндегі алгоритмге сәйкес орналастырылған.

Учаскеге келген сәтте байқаушыға орын ұсыну кезінде әлеуметтік қашықтық нормаларын сақтау мүмкін болмады.

«Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс талаптары мен жоғарыда аталған алгоритмді бекіту туралы Бас санитарлық дәрігер қаулысының нормалары міндетті түрде орындалуы тиіс. Осыған байланысты сот қоғамдық қордың талабын орындаудан бас тартты. Өтініштердің бірқатары өтініш берушілердің заң талаптарын сақтамауына орай кері қайтарылды. Атап айтқанда, оларда УСК-ге қойылатын нақты талаптар мен заңның қандай нормалары бұзылғаны көрсетілмеген»,-делінген Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің мәліметтері негізінде қалдырылған хабарламада.


Жоғары қарай