Ауа райы
Астана -16 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Респираторлық вирустан қорғанудың 5 қағидасы қандай

2020 жылдың 31 қаңтар 2020 18:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бас инфекционисі Динагүл Баешова респираторлық вирустың алдын алу жөнінде кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Инфекционист ретінде респираторлық вирустан қорғанудың 5 маңызды қағидасын ұстануға кеңес беремін. Ең алдымен – халық көп жиналатын орындарға бармаңыз. Екіншіден – ЖРВИ белгілері бар адамдармен байланыспау және қолды жиі сабындап жуу. Үшіншіден – қоғамдық орындарда бетпердемен жүру. Әр 2-3 сағатта бетпердені ауыстыру. Төртінші – түшкіргенде қағаз майлықтарды қолданып, еңкею қажет. Бесінші – ет өнімдерін қайнатып, қуырып, көкөністерді ыстық шумен шаю керек. Базарда құрғақ жемістердің дәмін көрмеңіз», - деді дәрігер Қазмедиа орталығында өткен брифингіде.

Оның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған барлық препараттар Қазақстанда бар.

«Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі толығымен ашық. Алғаш рет жаңа вирус туралы отандастарымызға 6 қаңтарда ескерту жасаған едік. 7 қаңтарда бұл вирус расталды. Халыққа жалған ақпарат таратпағаны үшін алғыс айтқымыз келеді. Кешегі түннен бүгінге дейін бірде-бір фейк таралған жоқ. Журналистер мен блогерлерден ақпаратты бұрмаламауды, кездейсоқ адамдардан сұхбат алмауды және жауапкершілікпен қарауды сұраймыз», - деді Д. Баешева.

Айта кетейік, 6 қаңтардан бастап Қытайдан Қазақстанға келгендердің денсаулығын бақылау жұмыстары жалғасуда. 31 қаңтардағы жағдай бойынша, Қытайдан келген 66 тұрғын дене қызуымен және ЖРВИ шағымымен оқшауланып, ауруханаларға жатқызылды.

Әзірге 25 адам стационардан шығарылды, 41 адам ауруханада қалды.


Жоғары қарай