Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ресейдің 80 млн пайдаланушысы бар электронды сауда алаңында қазақстандықтар өнімдерін ұсына алады

2021 жылдың 13 шілде 2021 20:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ресейдің Ozon электронды сауда алаңында қазақстандық өндірушілер өнімін ұсына алатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Facebook парақшасында жазды.

«Ресейлік e-commerce алпауытында 16 миллион тұрақты клиенттің базасы және 80 миллионнан астам ай сайынғы пайдаланушы бар. Маркетплейсте киім мен тағамнан бастап балалар өнімдері мен косметикаға дейінгі 20 түрлі санаттағы тауарлар ұсынылады. Бұл, менің ойымша, қазақстандық кәсіпкерлер үшін үлкен нарық. Енді кез келген қазақстандық өндіруші осы әмбебап алаңда өз тауарын ұсына алады», - деп жазады министр.

Оның сөзіне қарағанда, Ozon-да бұған дейін қазақстандық өндірушілердің аяқ киім өнімдері мен зергерлік бұйымдары, ауылшаруашылық өнімдері ұсынылып келген.

«Бірақ Wildberries сияқты, сайтқа кіру үшін біздің компаниялар Ресей Федерациясының аумағында филиалдар ашуға мәжбүр еді. Бұл бизнес үшін өте ыңғайсыз және қымбат. Логистиканы жетілдіру жергілікті бизнестің Ozon-ға шығуына ықпал етті. Мамырдан бастап біздің кәсіпкерлер Ресейге тауарларды тікелей клиентке өздері немесе үшінші тарап тасымалдаушыларының көмегімен жеткізе алады. Жақын арада Ozon сондай-ақ қазақстандық бизнестің тауарларын Ресейге тасымалдайтын серіктес-логистердің тізімін ұсынады. Сондай-ақ, қазір біздің тауарларды кейіннен Ресей мен басқа өңірлерге жеткізу үшін қоймалау мүмкіндігі пысықталуда», -деп бөлісті Бақыт Сұлтанов

Ozon-да садуа жасағысы келетін қазақстандық өндірушілер мына нұсқаулық бойынша тіркеле алады: мұнда төмендегідей қысқа нұсқаулық бар:

1. seller.ozon.ru. мекенайы бойынша сайтта сатушы ретінде тіркелу;

2. Компанияның жарғылық құжаттарын тіркеу және тексеруді күту;

3. Нарықтағы ұсынысты қабылдау;

4. Өнім карталарын жасау;

5. Қойманың қай жерде орналасқанын, тауарларды қайдан жеткізетіндігіңізді көрсету;

6. Ozon-нан алғашқы тапсырысыңызды күту.

Ведомство басшысының айтуынша, Ozon туралы толық ақпаратты global.ozon.ru сайтынан алуға болады.


Жоғары қарай