Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ресейден көлік ұрлаған алматылық Павлодарда ұсталды

2021 жылдың 27 тамыз 2021 21:58

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат -«Тойота Камри» маркалы автокөлігін тізгіндеген 31 жастағы ер адам Шідерті кентінің жанармай құю станциясында ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz- ке сілтеме жасап.

Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 26 тамыз күні сағат 15.00-де Павлодар облысының полициясына Ресей Федерациясы Новосібір қаласында ұрланған «Тойота Камри» маркалы автокөлігін іздеуге көмек көрсету туралы хабарлама келіп түскен.
- Хабарламаны алғаннан кейін жедел түрде аталған автомашинаның біздің шекарадан өтіп, «Павлодар – Нұр-сұлтан»тас жолымен жүргені анықталды. Ақпарат осы автожол учаскесінде жол қауіпсіздігін жүзеге асыратын патрульдік полиция ротасының барлық бекеттеріне таратылды. Біраз уақыттан кейін аталған автокөлік Екібастұз ауылдық аймағының Байет ауылы маңындағы Шідерті кенті бағытындағы тас жолда көзге түсті. Алайда жүргізуші полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы нұсқауына бағынбады, - деді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Патрульдік полиция ротасының инспекторлары Сәбит Естай, Бейсембаев Аманжол, Базарбеков Асхат, Верещак Руслан және Жүсіпов Нұрлан бастатқан автопатрульдер күдіктінің ізіне түскен. Нәтижесінде, «Тойота Камри» маркалы автокөлігін тізгіндеген 1990 жылы туған ер адам Шідерті кентінің жанармай құю станциясында ұсталды. Белгілі болғандай, азамат Алматы қаласының тұрғыны болып шықты. Ер адамның құжаттары болмаған.
Полиция жол ережесін бұзғаны үшін жүргізушіге қатысты бірқатар әкімшілік материалдар қозғалғанын атап өтті.
Автокөлік айып тұрағына қойылды.
Шекара маңындағы ынтымақтастық шеңберінде ұстау туралы ақпарат іздестіру бастамашысына хабарланды. Автокөлік пен материалдар Ресей ІІМ-не берілетін болады.


Жоғары қарай