Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ресей мен Қазақстанда өндірілген «Спутник V» вакцинасының сапасында айырмашылық жоқ - ғалым

2021 жылдың 19 маусым 2021 19:20

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Молекулалық биолог, биотехнолог, биология ғылымдарының кандидаты Ілияс Есмағамбетов коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасының ерекшеліктері мен тиімділігі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ілияс Есмағамбетов коронавируске қарсы «Спутник V» вакцинасын жасаған ғалымдар тобында жұмыс істеді. Ол дәрі өндірудің технологиялық схемасын пысықтаумен айналысты.

Ғалымның айтуынша, вакцина жасау әдісі 20 жылдан астам уақыттан бері бар. Тек алдын ала тәжірибе мен технологиялық схемалардың арқасында қысқа мерзімде дайын болды.

«Шынында, өндірістік схемаларды іске қосу алғашқы кезеңде қиын болды. Себебі көптеген алаңдарда бұған дейін көлемді өндіріс тәжірибесі болған. Бұл - Гамалея институтында жаппай вакцинаға арналған препаратты шығарудағы алғашқы үлкен тәжірбие. Сондықтан белгілі бір қиындықтар туындады», – дейді ғалым.

«Спутник» вакцинасын халықаралық тану кезінде, ДДҰ-ны мойындаудағы қиындықтардың себептері туралы сұраққа жауап бере отырып, Ілияс Есмағамбетов ДДҰ-ның өзінің заңдары мен реттеушісі бар екенін айтты.

Олар оны сақтауға міндетті және белгілі бір препаратты осы ұйым тануы үшін тексерулерден, бірқатар сараптама мен реттеуші әдістерден өтуі керек. Бұл өте ұзақ процесс.

Оның айтуынша, ДДҰ өз сарапшыларымен бірге келіп, клиникалық зерттеулердің барлық мәліметтерін толық қарап, осы вакцинаны шығаратын барлық сайттарды бағалауы керек: олар еуропалық стандарттарға, сапаға сәйкес болуы үшін ДДҰ сарапшылары есеп береді. Содан кейін шешім қабылдауға жауапты адамдар оларды зерттеп, барлық осы тармақтар мен стандарттарға сәйкес келе ме, жоқ па, соны шешеді. Бұл өте күрделі процесс.

«Еуропада вакцина өндірушілері жүйені еуропалық стандарттарға сәйкес жасады. Тиісінше, ресейлік стандарттар әлемдік стандарттардан өзгеше болуы мүмкін. Барлығын, соның ішінде клиникалық зерттеулердің хаттамалары, барлық өндірістік ережелерді ағылшын тіліне аудару керек. Бұл біраз уақытты алады. Қытайда әлемдік нарыққа шығуға алдын ала дайындық болды. Мүмкін Ресей Федерациясы үшін бұл дәрі осындай деңгейге жеткен кездегі алғашқы тәжірбие. Әрине, мұндай бюрократиялық рәсімдер туындауы мүмкін», – дейді ғалым.

Ілияс Есмағамбетов вакцина жайлы қоғамда айтылып жатқан қауесеттерге де тоқталды.

«Әлеуметтік желіде вакцина туралы түсініксіз бейнежазбалар, түрлі ақпараттар пайда болды.Оның ешқайсысы шындыққа жанаспайды. Кейбір ғылыми дәрежесі мен атағы бар адамдар вакцинадан кейін адамның генетикалық түрленуіне алып келеді дейді. Бұл дәлелі жоқ бос сөздер»,-дейді ол.

Ғалым Қазақстанда өндірілген «Спутник V» вакцинасы ресейлік спутниктен өзгеше ме деген сұраққа жауап берді.

«Дәрінің барлық партиялары, өндіріс орнына қарамастан, бізге Гамалея институтына бақылауға келеді. Параметрлердің бір бөлігін тікелей өзім бақылаймын, соның ішінде Қарағанды фармацевтикалық кешенінің партиялары бірнеше рет тексерілді. Сондықтан Ресей мен Қазақстанда өндірілген препарат сапасында айырмашылық жоқ деп айта аламын. Сондай-ақ барлық бастапқы материалдар Гамалея институтымен барлық өндірістік орындарға жеткізіледі», – деді Ілияс Есмағамбетов.

Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаға келетін болсақ, биотехнолог біздің препаратты жасаушылар жақсы нәтиже көрсеткеніне сенімді.

«Менің ойымша, бұл жерде клиникалық зерттеулердің деректеріне назар аудару керек. Барлығын толығырақ зерттеңіз. Бірақ Қазақстанда сапалы аналогты жасай алғанымызға күмәнім жоқ», – дейді спикер.

Жоғары қарай