Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Ракты әлі күнге емдей алмайды, ал COVID-19 вакцинасын қалай тез жасаған»: Желідегі жаңа дақпырт

2021 жылдың 11 қазан 2021 13:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазнет қолданушылары COVID-19 қарсы вакциналарға сенімсіздік білдіруде. Мұның себебі – препараттың тым қысқа уақытта әзірленуі. Вакцинаны тез жасап шығару мүмкін емес, өйткені бұрыннан белгілі қатерлі ісікті емдеуді әлі күнге меңгерген жоқпыз». Шын мәнінде, мұндай салыстыру – еш қисынсыз, деп хабарлайды ҚазАқпарат stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.

Ауруды сәтті емдеудің міндетті шарты оның себептері мен даму механизмдерін түсіну болып табылады. COVID-19 жағдайында мұндай ақпарат алғаш диагноз қойылған сәттен бірден белгілі болды. 2019 жылдың желтоқсанында мамандар пневмониямен ауырған науқаста нуклеин қышқылына талдау жүргізді, нәтижесінде бұрын адамзатқа белгісіз SARS-CoV-2 коронавирусы анықталды.
Кейінірек ғалымдар вирустың геномын толығымен ашты. Ол баршаға қолжетімді болуы үшін жарияланды.

Осыдан кейін әлемде ауруды зерттеу және вакцина жасау бойынша белсенді жұмыс басталды. Ғалымдар бұрын болған әзірлемелерді қолданды. Бұл, мысалы, әзірленген, бірақ әлі клиникалық сынақтан өтпеген SARS коронавирусына қарсы вакцина. Сондай-ақ, мамандар ChAdOx аденовирустық векторын зерттеу бойынша қолданыстағы жұмыстарға сүйенді, соның негізінде COVID-19 қарсы кейбір вакциналар жасалды, мысалы, AstraZeneca.
Айта кетейік, COVID-19 қарсы вакциналардың қарқынды дамуына қарамастан, препараттар мұқият сынақтан өткізіліп, тексерілді.

Қатерлі ісікке қарсы дәріге келсек, бұл ретте жағдай әлдеқайда қиын. Біріншіден, қатерлі ісік – бұл бір ауру емес, бұл онкологиялық аурулардың 200-ден астам түрінің жалпы атауы. Бұл жағдайда әр түрдің бірнеше шағын түрлері болуы мүмкін. Ісіктердің пайда болу себебі жасушалардағы ДНҚ мутациясы болып табылады. Алайда бұл мутацияны не тудыратыны нақты белгісіз. Сонымен қатар, бір обыр ісігінде жасушалар бір-бірінен өзгеше болуы мүмкін. Көбінесе мұндай жасушалар сыртқы әсерлерге өте төзімді және оларды сау мүшелер мен тіндерге зақым келтірместен жою өте қиын.
Бір дәрі-дәрмек қатерлі ісіктің барлық түрін жеңе алмайтыны және бәріне бірдей тиімді бола алмайтыны анық.
Алайда ғалымдар да қарап қалмай, қатерлі ісік түрлерін зерттеп, оларды емдеудің жаңа әдістерін қолдануды жалғастыруда.
Соңғы жылдары мамандар терапевтік вакциналар, CAR-T жасушалық терапия, CRISPR технологиясы, сондай-ақ адам микробиомасын зерттеуге негізделген әдіс сияқты емдеудің бірнеше инновациялық түрлерін ұсынды.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы жиырма жылдың ішінде медицинаның дамуы онкологияның әртүрлі түрімен ауыратын науқастардың өмірін бес жылға ұзартуға мүмкіндік берді. 1990 жылдан 2016 жылға дейін диагноз қойылған сәттен бастап бес жыл ішінде қатерлі ісік ауруынан болатын өлім-жітім статистикасы 17% төмендеді.
Демек, ғалымдар қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмек іздеуді жалғастыруда, бірақ бұл өте ұзақ және күрделі жұмыс.

Қорыта айтқанда, осы күнге дейін қатерлі ісік ауруы емделмейтіндіктен, ғалымдар COVID-19-ға қарсы тиімді вакциналар жасай алмайды деген тұжырым дұрыс емес.
COVID-19 алдын-алу әлдеқайда оңай, өйткені ғалымдар оның қоздырғышын, SARS-CoV-2 коронавирусын біледі, оның геномын толығымен ашты және зерттеді.
Өз кезегінде, қатерлі ісік, екі жүзден астам әртүрлі онкологиялық аурулардың жалпы атауы болып табылады, олардың әрқайсысының шағын түрлері бар. Ісіктердің дамуының нақты себептері әлі белгісіз. Алайда, мамандар емдеудің жаңа әдістерін ойлап табуда, нәтижесінде бұл обыр ауруына шалдыққандар арасында өлім-жітімнің төмендеуіне әкелді.


Басты сөздер: Фейк, Коронавирус,
Жоғары қарай