Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Радиациялық апат кезінде ТМД елдері өзара көмекті жедел ұсынады

2021 жылдың 21 қаңтар 2021 11:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келісім жобасы ТМД Экономикалық Кеңесінің 2018 жылғы 14 маусымдағы отырысында мақұлданған және оған 2018 жылғы 2 қарашада елордада ТМД үкімет басшылары кеңесінің отырысы аясында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қол қойды.

«Осы Келісімді ратификациялау ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал туындаған жағдайда ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында ақпарат пен көмекті жедел ұсынуға мүмкіндік береді.

Құжат ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің уәкілетті органдары арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігі мен өнімділігін арттыруға, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға байланысты кез келген ықтимал оқиғаларға уақтылы ден қоюға бағытталған», - деді Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.

Келісімнің тараптары: Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз, Өзбекстан, Тәжікстан Республикалары және Ресей Федерациясы.

Келісім ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайында мамандандырылған құтқару құрылымдарын, мамандарды, құрал-жабдықтарды, көлік құралдарын және осы құрылымдарды техникалық жарақтандыру үшін пайдаланылатын материалдарды трансшекаралық өткізу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

«Қазақстан Республикасының «Атом энергиясын пайдалану туралы» Заңына сәйкес, атом энергиясын пайдалану саласында трансшекаралық авариялар немесе оқыс оқиғалар туындаған жағдайда, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес уәкілетті орган азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, құлақтандыру және ден қою жөніндегі шараларды қабылдайды.

Осыған байланысты Келісім ратификациялау үшін Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына енгізілді. Заң жобасын қабылдау келеңсіз әлеуметтік-экономикалық және өзге де салдарға әкеп соқпайды», - деді министр.


Автор Руслан Ғаббасов
Басты сөздер: Парламент, ТМД, Заң,
Жоғары қарай