Ауа райы
Астана -23 °С
Алматы -8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Пульмонолог дәрігер: Коронавируспен ауырғандар сақтық шараларын ұмытпауы керек

2020 жылдың 28 қараша 2020 16:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 27 қарашадағы жағдай бойынша, республикамыз орташа қауіпті аймақта тұр. Қауіпті бес өңірге қатаң шектеу шаралары енгізілген. Республикада қазан айымен салыстырғанда қарашада КВИ-ге шалдыққандар 3,7 есе өскен. Осы орайда пульмонолог дәрігер Саттар Ералиев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында коронавирус инфекциясының адам денсаулығына қаншалықты қауіпті екенін айтып берді.

- Басқа респираторлық инфекциялармен салыстырғанда COVID-19 кезінде өкпенің зақымдануының ерекшелігі неде?

- Барлық вирустық пневмониялар адам ағзасында ұқсас дәрежеде өтеді. COVID-19 ерекшелігіне тоқталсақ, ЖРВИ кезіде өкпенің қабынуы жиі болмайды. Осы орайда респираторлық вирустардың барлығы пневмонияға әкеле бермейді. Бұл ретте көбіне адамдар ауруды жеңіл еңсереді. Ал тұмау анда-санда ауыр вирустық пневмонияға шалдықтыратыны белгілі. Дегенмен коронавирус инфекциясы кезінде өкпенің зақымдануы адамдардың басым бөлігінде кездеседі, науқастардың 80 пайызына дейін осы қиындыққа тап болады.

Аллаға шүкір, науқастардың көбісі өздерінде пневмония екенін байқамай да қалады, індетті жеңіл еңсереді. Бұл да COVID-19-дың бір ерекшелігі десек болады. Науқастардың бірінде пневмония жеңіл өтсе, басқаларында өлім-жітімге дейін әкеледі. Осы орайда егде жастағы адамдарға, созылмалы ауруы барларға, иммундық кемістігі байқалған адамдарға қиын түседі.

- Қай жағдайда коронавирус инфекциясынан емделіп шыққан адамдарға сауықтыру шаралары міндетті болады?

- Індетті еңсергеннен кейін, оның салдары қалыпты өмір сүруге кедергі болып жатса, сауықтыру шараларына бару керек. Ми мен жүйке жүйесінің зақымдануы симптомы ұзақ сақталады, яғни әлсіздік, күш-жігердің әлсіреуі, ұйқысыздық байқалады.

Сауықтыру шаралары қайда өтеді? Бұл өз кезегінде індет салдарына байланысты болады. Осы орайда адамдардың бір бөлігі невропатологқа, гастроэнтерологқа қаралады. Ал өкпеге елеулі зақым келсе, онда пульмонолог дәрігердің бақылауында болады.

Кейде COVID-19 вирусы науқастың бұрынғы созылмалы ілеспе ауруларын асқындырады. Бұл жағдайда тиісті мамандардың көмегіне жүгіну керек.

- Түрлі формада COVID-19-бен ауырып шыққан адамдарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Айтатын ұсыныстар бар, бірақ олардың кейбірі қазір кештеу болуы мүмкін. Ауыр формада ауырып шыққандар қазан айының бірінші жартысында тұмауға қарсы екпе алуы керек еді. 65 жастан асқандар немесе соқылмалы ауруы барлар, пневмококк инфекциясына қарсы екпе салдырған жөн. Себебі коронавирус инфекциясынан кейін екінші мәрте бактериалды инфекцияға шалдығу мүмкіндігі жоғары, соның ішінде пневмококк ауруда да бар.

COVID-19-дан кейін иммунитет уақытша болатынын ескерсек, ауырған адамдар басқалары секілді дәрігерлер мен мамандар айтқан ережені ұстануы керек. Бұл тұрғыда әлеуметтік қашықтықты сақтау, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, қолды жиі жуып отыру, маска тағу талаптарын орындау маңызды.


Жоғары қарай