Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Профессорлар мен оқытушылардың жалақысы қаншаға артты – Білім министрлігі

2020 жылдың 29 қыркүйек 2020 15:22

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов министрлікке қарасты жоғары оқу орындарында профессор-оқытушылар құрамының жалақысы қаншаға артқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрдің тапсырмасымен ҚР Білім және ғылым министрлігіне ведомстволық бағынышты ЖОО профессорларының, доценттерінің және оқытушыларының жалақысын арттыру бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Қазір жоғары оқу орындарының академиялық дербестікке ие екенін жақсы түсінеміз. Сонымен бірге, Білім министрлігі аталған ЖОО-лардың жалғыз акционері ретінде олардың қаржылық саясатының бағыттарын анықтай алады. Сондықтан да жалақыны көтеру туралы мәселе қойылып отыр. 2019 жылы ұлттық жоғары оқу орындарында да, мемлекеттік жоғары оқу орындарында да жалақы өскен. Ал 2020 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік тапсырыс құнының өсуіне байланысты профессор-оқытушылар құрамының жалақысы өсті», - деді Мирас Дәуленов министрлік аппаратының жиналысында.

Профессорлар бойынша ұлттық жоғары оқу орындарында жалақы 29%-ға, мемлекеттік жоғары оқу орындарында – 19%-ға өсті. Доценттер бойынша ұлттық ЖОО-ларда жалақы 31%-ға, мемлекеттік ЖОО-ларда – 11%-ға артты. Ғылыми дәрежесі жоқ оқытушылар бойынша – ұлттық ЖОО-ларда 32%-ға және мемлекеттік ЖОО-ларда 18%-ға өскен.

Оның айтуынша, екі жыл ішіндегі жалақы көлемі ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты ЖОО-ларда профессор-оқытушылар құрамының еңбекақысының айтарлықтай өскенін көрсетеді. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасады.

«Біз оқытушылардың халықаралық дамуына біртіндеп көшуіміз керек және олардың ғылыми зерттеулер жүргізу қажеттігін ескеруіміз керек. Бұл ЖОО-лардағы ғылымды дамыту үшін өте маңызды. Екінші маңызды мәселе – бүгін таныстырылып отырған жалақы мөлшері. Олардың нақты өсуі бүгінде сол профессордың, доценттің немесе оқытушының толық ставкасына байланысты болады. Сонымен бірге, профессор, оқытушы және доцент ставкасының мөлшері ЖОО-ға байланысты өзгеруі мүмкін екеніне назар аударғым келді. Осыған байланысты біздің ЖОО-ларда бірыңғай тәсілдер әзірлеу қажет. Тәжірибелі мамандарды ынталандыру үшін оқытушылар жалақысын еш дәрежесіз көтеру керек және дәрежесі бар немесе жоқ мамандар арасындағы алшақтықты азайту қажет», - деді вице-министр.


Жоғары қарай