Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Пробациялық бақылауда жүрген ақтөбеліктер қайтарымсыз грантпен кәсіп бастады

2021 жылдың 30 қыркүйек 2021 22:10

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде пробациялық бақылауда жүрген адамдар шеберхана мен тамақтану орнын ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық ҚАЖ департаментіне қарасты Шалқар аудандық пробация қызметі жазасын өтеушілермен жұмыс істеп, олардың кәсіп бастауына көмектесті. Үш шалқарлықтың әрқайсысы 584,4 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып, кәсіп ашты. Олар «Бастау Бизнес» жобасы бойынша «Кәсіпкерлік негіздері» курсына оқытады. Ай сайын 16 мың теңге шәкіртақы алып, оқу курсы кезінде тәжірибе жинақтаған. Сөйтіп бизнес жобасын сәтті қорғады. Жазасын өтеушінің бірі ағаштан ыдыс-аяқ жасайды. Ол ағаш кесуге арналған құрал-жабдық пен қажетті заттарды сатып алды. Кейін әлеуметтік желі арқылы жарнама жасап, үстел жасауға да тапсырыс қабылдады.




«Пробациялық бақылауға алынған жазасын өтеушінің бірі бұған дейін ауласындағы шағын цехта пластикалық терезе жасау кәсібін ашып, жұмыс істеген. Кейін сотталып, жазасын темір торда өтеді. Сол кезде құрал-жабдығы ескіріп, табысы тоқтап қалған. Бас бостандығынан айыру жазасы бас бостандығын шектеуге ауысқан соң тұралап қалған кәсібін қайта жандандырды. Ол өзі секілді есепте тұрған сотталғандарды жұмысқа алуды жоспарлап отыр. Ал қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінен бас бостандығынан шектеу жазасына босатылып, пробациялық бақылауға алынған тағы бір сотталған тұрғын вокзал маңында орналасқан фастфуд тағамдарын дайындайтын шағын дүңгіршекте донер дайындайды. Ол 584 мың теңгелік қайтарымсыз грантқа құрал- жабдықтарды сатып алды. Қазіргі уақытта кәсібін ашқан сотталғандардың тәртібі жақсы»,- дейді Шалқар аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Ақгүл Айымбетова.





Жоғары қарай