Ауа райы
Астана 28 °С
Алматы 29 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Президенттің бастамалары ауыл шаруашылығына тың серпін береді - сарапшы

2019 жылдың 21 желтоқсан 2019 12:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президенттің ауыл шаруашылық жерлерін тиімді игеру бағытында көтерген бастамалары саланы дамытуға тың серпін береді. Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Жанар Түлендинова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңес отырысында Президенттің аграрлық салада ұсынған шараларына тоқталғым келеді. Аграрлық саладағы ең басты мәселенің бірі – ол бүгінде игерілмей жатқан егіс алқаптарын ауыл шаруашылығы айналымына енгізу. Біріншіден, Мемлекет басшысы пайдаланылмай жатқан жер телімдерін анықтау мақсатында жердің ғарыштық мониторингін қамтитын заңға қол қойылғанын атап өтті. Екіншіден, игерілмеген егіс алқаптары үшін салық салу тәртібі күшейтілмек», - деді Ж. Түлендинова.

Осы орайда сарапшы ұсынылған бұл норманың арқасында «латифундистерге» жерді ауыл шаруашылығы айналымына шығармай, босқа ұстап тұруына тиімді болмайтынын жеткізді.

«Мемлекет басшысы шілде айындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап өткендей, ауыл шаруашылығы жерлерін осы салада нақты жұмыс істейтіндер игеруі тиіс. Мұнымен қоса, игерілмей жатқан жерлерді мәжбүрлеп қайтарып алудың уақытын екі жылдан бір жылға дейін қысқарту қадамы көтерілді. Бұл шаралар бос тұрған егістік жерлерінің ауданын азайтуға мүмкіндік жасап, аграрлық секторды дамытуға тың серпін береді деген ойдамын. Осы тұрғыда тек өсімдік шаруашылығы ғана емес, сонымен қатар мал шаруашылығы саласына да жағдай жасалмақ. Өйткені соңғы кездері жайылым жерлері мен жем-шөп дақылдары көлемін арттыру мәселесі жиі көтеріліп жүр», - деді Жанар Түлендинова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңес отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев игерілмей жатқан жер учаскелеріне салынатын базалық салықты 10-нан 20 есеге дейін арттыруды ұсынды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы жерлерін ғарыштан бақылау бойынша тапсырмалар берді.

Жоғары қарай