Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Президент Жолдауы: Қызылорда облысында өңірлік даму бағдарламасы қабылданады

2021 жылдың 3 қыркүйек 2021 21:45

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында Президент Жолдауы негізінде өңірлік даму бағдарламасы қабылданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін облыс әкімдігінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді айқындайтын кеңейтілген жиын өтті.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен жиынға тиісті әкім орынбасарлары, басқарма басшылары, салалық департамент басшылары мен селекторлық режимде Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері қатысты.

Аймақ басшысы өңір экономикасының алдағы даму стратегиясына тоқталды.

«Мемлекет басшысы пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, адам құқығын қорғауға бағытталған бастамаларын жариялады. Осылайша, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырудағы 5 бастама айқындалды. Жолдауда айтылған барлық бағыттар бойынша облыста нақты шаралар қабылданып, іске асырылады», - деді Г. Әбдіқалықова.

Жолдауда айтылған өңірлерді дамыту жоспарларын бекітілген жалпыұлттық міндеттерге сәйкес жаңарту және бюджет үдерістерін жеңілдетіп, бюрократияны барынша азайту, сондай-ақ, бюджетті жоспарлау мен орындау кезінде цифрлық тәсілдерді қолдану басты назарда ұсталады. Бұл орайда бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жауапкершілігін арттыра отырып, бөлшектенген бюджетті енгізу ойластырылған. Аталған тапсырманы жүзеге асыру бағытында атқарылатын іс-шаралар жөнінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай кеңінен тоқталды.

Облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев өңірдің алдағы инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтып берді. Атап айтқанда, Жолдауда жер қойнауын пайдалану саласына, әсіресе геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу ісіне тың серпін қажет екені, геологиялық ақпараттың ашық цифрлық мәліметтер базасын құрып, оны инвесторлар үшін қолжетімді ету керек екені көрсетілген.

Жиын барысында облыс әкімі басқарма басшысына геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу бойынша тиісті министрлікпен жұмысты қарқынды түрде жүргізуді тапсырды.

Президент Жолдауында азық-түлік тауарларының бағасын белгілеу, оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуі жөнінде мәселе қозғалды. Осы ретте облыстың аграрлық әлеуеті және Жолдаудан туындайтын міндеттерді орындауда нақты жүйелі жұмыстар туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев нақты басымдықтарға тоқталды.

Жиын барысында облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласына қатысты бірқатар тапсырма жүктеді.

«Азық-түлік өндірісімен қамтамасыз ету балансын есептей отырып, ауыл шаруашылығы саласында әртараптандыру шараларын қабылдау қажет. Мал шаруашылығы саласында өндірілетін өнімдердің басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесінде, оларды қажетті жайылымдық жерлермен қамтылуы мәселесін заңдастыруды ұйымдастырып, ауылдық елді мекендерде кооперациялау жұмысын дамыту аясында жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперацияға тарту бойынша жұмыстарын жандандыру міндеті қойылады. «Алқаптан сөреге дейін» пилоттық жобасын іске асыруы бойынша Жамбыл облысының тәжірибесін зерттеп, өңірге енгізу шараларын қабылдауды және суармалы сумен қамтамасыз үшін, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді тапсырамын», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Сондай-ақ, облыс әкімі көтерме-тарату орталығын қалыптастыратын инвестор тауып көтерме-тарату орталығын ашуды, қыркүйек айының соңына дейін субсидиялау қағидаларын толықтай қарастырып, өзгерістер енгізу үшін жүйелі проблемалар бойынша тиісті ұсыныстарды орталық атқарушы органдарға жолдауды, әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік таурларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорының мамандандырылған мекемесі арқылы уақытылы сатып алу интервенцияларын жүргізуді жүктеді.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов бизнес саласын дамыту бойынша атқарылатын жұмыстарға тоқталып, ол міндеттерді жүзеге асыру барысын тілге тиек етті.

Жолдауда көтерілген әйелдердің қоғамдағы экономикалық және саяси ұстанымын барынша қолдауды қамтамасыз ету, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын өзектендіру бойынша жобаларды іске асыруда азаматтық қоғам өкілдерінің рөлі маңызды. Осы ретте алдағы іске асатын жобалар бойынша «Азаматтық альянс» заңды тұлғалар бірлестігі» қауымдастығының төрайымы Анар Ізден сөз сөйлеп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.


Жоғары қарай