Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Президент Ұлттық жобалардың іске асуына көңілі толмаса, түзету енгізіп отырады – Дәурен Абаев

2021 жылдың 21 қазан 2021 21:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық жобаларға түзетулер енгізілуі мүмкін. Бірақ бөлінген қаражат пен күтілетін нәтижесі өзгертілмейді. ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Ашық диалог-2» сұхбатының кезекті санында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық жобалардың тағы бір ерекше сүзгісі – адамдарға бағытталуында. Мемлекет басшысы бұл туралы да айтқан болатын. Осынау 10 ұлттық жоба негізгі қоғамдық игілік деп айтуға болады. Оның әрбір азаматқа қатысы бар. Әр азаматтың тұрмысын, өміріне қанағаттану деңгейін, білімі мен денсаулығын, экологияны, мемлекеттік қызметтерді, қауіпсіздікті, тіпті дастархандағы асымызға дейін осы Ұлттық жобалар айқындайды. Азаматтар бұл арқылы Үкіметтің әрекеттері олардың күнделікті шындығымен қаншалықты сәйкесетінін түсінуі керек», - деді Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.

Сондай-ақ, ол жобалардың іске асуын Президент Әкімшілігі қадағалап, қажет болса Президент тапсырмасымен түзетулер енгізіліп отыратынын айтты.

«Біріншіден, Ұлттық жобалардың іске асырылуына Президент әкімшілігі тарапынан да, жобалық кеңсе тарапынан да тұрақты мониторинг жүргізіледі. Бұл тұрғыда Ұлттық жобалар әлдеқайда икемді құрал деуге болады. Ондағы кез келген дүниені өзгертуге болады. Тек күтілетін нәтижелер мен бөлінген қаражатты ғана өзгертуге болмайды. Оның үстіне Ұлттық жобалардың іске асуына жалпы саясат тұрғысынан Президенттің көңілі толмаса, түзету енгізу үшін тапсырмалар бере алады. Бұл Жолдау немесе Үкіметтің кеңейтілген отырыстары аясында жария түрде де, жекелеген тапсырмалар түрінде де айтылуы мүмкін», - деді Дәурен Абаев.


Жоғары қарай