Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Президент Мемлекеттік күзет қызметінің басшысы мен орынбасарын тағайындады

2021 жылдың 25 тамыз 2021 13:36

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы лауазымына Ермек Сағымбаев және орынбасары лауазымына Батырбек Байбосынов тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының өкімімен Ермек Сағымбаев Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары лауазымынан босатылды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ермек Алдабергенұлы Сағымбаев Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы лауазымына тағайындалды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының өкімімен Батырбек Бердібайұлы Байбосынов Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды.

***

Ермек Алдабергенұлы САҒЫМБАЕВ 1967 жылғы 11 қазанда туған. Қазақ политехникалық институтын, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Мамандығы бойынша тау-кен электр инженері, заңтану бакалавры.

2021 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің магистратурасын «Мемлекеттік күзет саласындағы менеджмент» мамандығы (біліктілігі: күзет іс-шараларын ұйымдастыру) бойынша тәмамдап, «Ұлттық қауіпсіздік және әскери іс магистрі» академиялық дәрежесі берілді.

1985 жылдан 1987 жылға дейін КСРО Қарулы Күштері қатарында қызмет етті.

1994-2006 жылдар аралығында ұлттық қауіпсіздік органдарының жедел бөлімшелерінде басшы және офицерлік лауазымдарда қызмет өткерді. 2006-2019 жылдар аралығында ҚР Мемлекеттік күзет қызметінде басшы лауазымдарды атқарған.

2019 жылғы мамырда Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Президент күзет қызметінің бастығы болып тағайындалды.

2021 жылғы шілдеде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды. 2021 жылғы шілдеден Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығы лауазымын уақытша атқарды.

2020 жылғы мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен генерал-майор атағы берілді.

ІІІ, ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» және ІІІ дәрежелі «Елбасының қауіпсіздігін айбынды атқарғаны үшін» медальдарымен марапатталған. ҚР МКҚ құрметті қызметкері және «Елбасы қорғаны» төс белгісінің иегері болып табылады.

Үйленген, үш баласы бар.

Жоғары қарай